Орбұлақ шайқасына - 374 жыл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем тарихында аңызға айналып, адамзаттың есінде қалған ұлы шайқастар туралы деректер жетерлік. Мәселен, 300 әскермен ғана 200 мыңдық парсы әскеріне қарсы соғысқан спарталықтардың ерлігі күні бүгінге дейін адамзат баласының аузынан түспей келеді. Дүниені дүр сілкіндіріп, атақ-айбары алты құрлықты аралап кетпесе де, қазақ тарихындағы Орбұлақ шайқасын спарталықтардың ерлігімен салыстыруға болады. Бар-жоғы 600 әскермен жоңғардың мұздай қаруланған 10 мың әскерінің бетін қайтарған Жәңгір ханның ерлігі ел жадынан ешқашан өшпесі анық. Сол қазақ тарихындағы шешуші соғыстардың біріне айналған Орбұлақ шайқасына 1 шілдеде 374 жыл толады.

Қазақ пен жоңғардың арасындағы ғасырдан астам уақытқа созылған соғыс көшпелі әрі жауынгер екі елді титықтатып жіберді. Қос хандық бір-біріне алма кезек шабуылдады. Алайда мемлекет құру бақыты екі ұлттың тек біріне ғана бұйырды. Қазақ халқы тәуелсіз ел атанды, тарих төрінен өзіне тиесілі үлесіне қол жеткізді. Бірақ, батыр бабалар қан мен терін қатар төкпегенде, бүгінгі мамыражай күнге жетер ме едік?..

Атақты Орбұлақ шайқасының шебінде Есім ханның ұлы Жәңгір мен жоңғардың жолбарыстай айбатты Батыр қоңтайшысы тұр еді. Қазаққа тұтқиылдан тиген, жоңғарлардың кезекті жортуылы 1643 жылдың шілде айында басталған. Орыстың елшісі Гавриил Ильин мен ХVІІІ ғасырдың тарихшысы И.Фишердің деректерін келтірген тарих ғылымдарының докторы Болатбек Нәсенов «Жәңгір тастардың арасынан бекініс қазып, оған   300 адамды отырғызып қойды. Өзі 300-дей әскермен тастың арғы жағында оларды қорғауға дайын тұрды. Тайшы атты әскери адамдарымен бекініске шабуыл жасады. Сол бекіністе Қонтайшының көптеген адамын жойып жіберді» деп келтірген. «Тұтқиылдан басамыз» деп келе жатқан жау әскерінің өзі ойда-жоқта осылай тығырыққа тап болған.

Жоңғарлар тағдырмен ойнамай, кейін шегінуі батыр Жәңгірге қанат бітіреді. Оқиға аяқ астынан ойламаған шешім қабылдауға итермелеп, жоңғарлар шайқасқа ашық жерлерді іздей бастайды. Алайда ашық алаңқайға шыққанша жау әскерінің айтарлықтай бөлігі жебеге жем болып кеткен еді.

Жоңғарлардың қару-жарақтары туралы Ю.Крижанович: «Қалмақтар соғысқа өте мықты дулығамен, найзамен және сауытпен қаруланып шығады. Олардың садақтары мен қылыштары біздердікінен қысқа және ұшы қайырылмаған. Дегенмен, олар соғыса келе өте ұшқыр ойластырылған қақпанға түскендерін, кезекті шабуыл жасаудың оларға жеңіс әкелмейтінін түсінді. Бірақ әскерді тоқтату мүмкін емес еді. Артта келе жатқан сарбаздар олардың тығыздығын нығайта бастады. Ол жоңғарлардың жауынгерлік ұрандарын, көпшілігінің тез алға ұмтылуын әлсіретті. Ақырында мағынасыз шабуылды тоқтатуға тура келді. Барлық әскерлерге бұйрық жетіп, олар таудың етегіне түсіп, жолды айналып өтпекші болады. Осы арада қазақтар жоғарыдан тастарды домалатып, жау әскерінің біразын қырады», - дейді.

Тарихи жазбаларда қазақтардың жау әскерін улы түтінге уландырғандығы туралы да деректер кездеседі. Қазақ әскері «Сасық теке» түтінін пайдаланатын ұсталарды өте құпия түрде ұстаған деседі. Тарихшы Талғат Жанысбайдың дерегіне сүйенсек, қазақ даласында ірі соғыстар кезінде түтінге уландыру тәсілі көп қолданылған. «Ұйқымалым сірне» әдісіне салып жаудың басын айналдырып ұйықтату, түтіндетіп маужырату жауды көп шығынға ұшыратқан. Қазақ жасағы жаудың жолын торып, жолына шөмеле шөп үйіп, ор қазып, оған улы шөптерді салып, лапылдап жанбауын қадағалаған. Шөпті сулы күйде бықсыту алдын ала ойластырылған. Ұзаққа ататын нар садақпен садақшы мергендерді дайындап, жебенің улы шөпке түсуін қадағалау таптырмас әскери айла болған.

 И.Фишердің сөзін дәйек еткен А. Левшин ешбір өзгеріссіз соған ұқсас өз әңгімесін жалғайды. Ол: «...Дәл сол кезде қырғыз-қайсақтарға Алантушь (Жалаңтөс) 20 мың әскерімен көмекке келді», - деп жазып кеткен. Беті қайтқан Батыр қоңтайшы амалсыз шегінуге мәжбүр болады. 

Шетелдік тарихшылардың деректері, Орбұлақ шайқасының қазақ тарихында үлкен маңызға ие екендігін айқындай түседі. 

Соңғы жаңалықтар