Оразалы Сәбден Түркістанды халықаралық деңгейдегі рухани астанаға айналдыруды ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында Елбасының стратегиялық маңызы жоғары «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» құжатына орай академик-ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғалымдар Одағының Президенті Оразалы Сәбденнің дәрісі өтті.

Экономист ғалым Президент жолдауынан алған әсерлерін, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі ой-жоспарларын ортаға салды. Сондай-ақ, ол ғылыми еңбектерінің 22 томдық жинағын Ұлттық кітапханаға табыс етті.

Шара барысында ғалым «Түркістан өңірі» рухани-жаңа технологиялық кластерін құру туралы жаңа жобасының тұсаукесерін өткізді.

«Жаңа Түркістан» жобасының негізгі миссиясы - тарихымызда тұңғыш рет бір аймақ мысалында ежелгі Түркістанды халықаралық деңгейдегі рухани астанаға айналдыру. Адамзаттың рухани дамуын мақсат тұтқан екі жоба да қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде кітапша етіп басылып шықты. Бұл тек қана мәдени тұрғыдан дамуды қамтамасыз етпейді, жаңа жоба арқылы инновациялық даму мүмкіндігінің Қазақстандық жаңа үлгісін дүниежүзіне көрсетуге септігін тигізбек. «Егер Астана 21 ғасырдың модерн қаласы болатын болса, Түркістан ескі нақышта біздің тарихымызды көрсететін үлкен құбылыс болайын деп отыр. Өзбектің де, қырғыздың да, тәжіктің де жолы Түркістаннан өтеді. Орта Азияның жолы өтеді. Түркістаннан үлкен логистикалық ХАБ жасау керек. Логистика дегеніміз қазақша айтқанда «ақша». Барлық көлік сол жерден өтеді. Түркістанның 33 пайыз байлығын сол логистика берейін деп тұр», - деді Оразалы Сәбден.

Соңғы жаңалықтар