Оразақ Смағұл: Қазақ халқы Ұлы даланы 40 ғасыр бойы мекендеп келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғылыми еңбектер арқылы біз Ұлы далада 40 ғасыр бойы тұрып келе жатқан ұлт екенімізді жан-жақты дәлелдеуге тиіспіз. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына байланысты пікір білдірген академик, антрополог Оразақ Смағұл осылай деді.

«Елбасы бағдарламалық мақалада ұлттық этномәдени тарихымызға кеңінен көңіл бөліп отырғаны қуантты. Шынымды айтайын, соңғы бір ғасырдан бері бұл мәселеге билік тарапынан еш назар аударылмай келді. Оның себептері де белгілі ғой. Яғни, Елбасы мақаласы арқылы ұлттың этномәдени тарихына ғылыми бағыттарды жұмылдыру тұңғыш рет көтеріліп отыр», - дейді Оразақ Смағұл.

Сонымен қатар, академик қазақ халқының этномәдени көнелігіне тоқтала келе, халықтың түп-тамыры бүгінгі қазақ даласында үздіксіз жалғасып келе жатқанын алға тартады.

«Мақала аясында айта кететін маңызды дүние - қазақ халқы ықылым заманнан бері осы кең байтақ Ұлы далада өмір сүріп келеді. Физикалық-антропологиялық материалдарға сүйенсек, қазақтар осы өңірде 4 мың жыл бойы мекендеп келеді. Біздің бабаларымыз ежелгі тас, темір дәуірлерінде, антикалық қола дәуірінде, бертіндегі Түркі қағанаты заманында дәл осы атамекенінде өмір сүрген. Нақты ғылыми дәлелдердің өзі ұрпақтар сабақтастығының 40 ғасырға жететінін көрсетеді. Халқымыздың осындай көне тарихын айғақтайтын материалдарды қазіргі қазақтардың дене құрылысынан, қандарынан, тері бедерлерінен, дәм сезімдерінен, қаңқа сүйектерінен, тіс құрылыстарынан анықтай алдық», - дейді Оразақ Смағұл.

Ғалымның айтуынша, зерттеу нәтижесінде 4 мың жыл бұрын дәл осы өңірде мекен еткен бабалардың белгілерінің үштен бірге тең үлесі бүгінгі қазақтардың бойында сақталып қалған. Сондықтан Оразақ Смағұл Елбасы айтқанындай халқымыздың этномәдени тарихын зерттеу, ол зерттеуді әлемге паш ету орынды болатынын алға тартады.

«Менің физикалық-антропологиямен айналысқаныма 50 жылдан асты. Осы уақыт ішінде қазақ халқының көне заман тұрғындары екенін растайтын еңбектерді жарыққа шығардық. Ата-бабаларымыздың этнотарихын әлем алдында танытуға әлі де мүдделіміз. Осы тұрғыдан бір мәселе де бар. Айтайын дегенім, археологтардың бүгінгі қазып, тауып жүрген зор байлықтары, ұлтымызға байланыстырылмай, ұлы мұраларының бәрі атаусыз қалып жатыр. Археологтар қазақ даласында өздері тапқан дүниелерді қазақтың ата-тегімен байланыстыруы керек. Ежелгі дәуірден қалған қазбаларды қазақ ұлтымен байланыстыратын ғылыми еңбектер бізде жоқтың қасы. Бұл нағыз немқұрайдылық. Осындай ғылыми еңбектер арқылы біз әлемдік өркениетке өз жеріміз - Ұлы далада 40 ғасыр бойы тұрып келе жатқан ұлт екенімізді жан-жақты тағы да дәлелдей түсуге тиіспіз. Сонда ғана Президент мақаласындағы көтерілген мәселелер ретін табады», дейді академик Оразақ Смағұл. 

Соңғы жаңалықтар