Оразадағы акция һәм оқырманға ой салар тағдырлар...

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жақсылықтың ең үлкені адамға үміт сыйлау шығар. Елордаға арман қуа келіп, адасып қалған талай жанға үміт үлестіріп жүрген ерекше жанмен жақында бір сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сондай әңгімені оқырманмен бөлісе кетуді жөн санаған едік. «Мұқтаждықтан ешкім сақтандырылмаған» деп бастады ол әңгімесін. Өз басынан өткен соң айтады да. Әйтсе де, біз әңгімеге тартқан «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі Назгүл Мағжан көбінесе басқалардың тағдыры үшін алаңдап жүргенін аңғартты. Сондай тағдырлар кімге болса да ой салар деген ниетпен бір парасын ұсынып отырмыз.

«Құдайы қонақпыз...»

Расында да мұқтаждықтан ешкім сақтандырылмаған. Әйтпесе, 6 баламен далада қаламын деген ой жас ананың қаперінде болды дейсіз бе? Темірден түйін түйіп, техниканың тілін білетін жолдасы бар кезде алынбайтын асу жоқтай көрінетін. Елордадан құрқылтайдың ұясындай жалғыз бөлме алғанда да ертең-ақ онысы үлкен ордаға айналатынына қос жүрек атқан күннің батарындай сенген. Кейін жолдасы сол бөлмені кепілдікке қойып, несиеге көлік жөндейтін станса ашты. Ажал айтып келсін бе? Арыстай азаматы аспақталып тұрған көліктің астында қалып, 6 баламен аңырап бұл қалды.
null

«Бір күні 6 баласы бар келіншек кеңсеміздің алдына келіп тұр екен. Үйге қайтқалы жатқанмын. «Құдайы қонақпыз, бүгінше сіздерге қонайықшы. Ертең-ақ әрекет етіп, балаларды уақытша жетімдер үйіне өткізем. Бір түнге қонып шығайыншы», - деп өтінді. Қыстың қақаған аязы болатын. Тентіреп жүргендеріне 2-3 күн болыпты. Дереу дүкенге барып, балаларын тамақтандырдық. Ертеңінде қаланың сыртында жатақханасы бар бір кәсіпкерге хабарластық. Балаларын сонда орналастырып, өзі еден жуушы болып жұмысқа кірді. Болашаққа үміті оянған соң балаларын жетімдер үйіне өткізуден де бас тартты. Қазір үшінші жыл сол жатақханада жұмыс істеп, бір бұрышын мекендеп жатыр. Сөйтсек, ондай аналар көп екен. Бірінен-бірі естіп, ағыла бастады» - деп еске алады «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі Назгүл Мағжан.

Назгүл туралы бір танысымыздан естіген едік. Ораза айында «Шапағат» қорының атынан мұқтаж жандарға азық пен киім-кешек үлестіріп жүргенін айтқан. 22 күннің ішінде 12 тонна азық-түлік таратқанын кейін кездескенде өз аузынан естідік.
null

«Баламды басқаға бере алмаймын»

«Тағы бір жолы баласы қатты науқас әйел хабарласты. Жолдасы құрылыс алаңында көз жұмыпты. Ұлы 13-те екен. Күн санап сүйектерінен жан кетіп жатқан баланы көргенде қатты аядық. Дәрігерлердің айтуынша, әр сүйектен жан шыққан сайын, біреу оны балғамен шағып жатқандай ауырсыну сезеді екен бала. «Мені өлтіріңдерші» деп айғайлаған даусы құдайға жетеді. Қазір оң қолының үш саусағында ғана жан қалған. Ал миы сайрап тұр. Аурудан алдану үшін күні бойы интернет ақтаратын көрінеді. Білмейтін жыры жоқ, Қобыландының тарихын тамсанып отырып айтты бізге. Сондай талантты баланың жарығы біртіндеп сөніп бара жатыр. Соңындағы екі қарындасына тіптен обал. Төртеуі бір бөлмеде қысылып өмір сүріп жатыр. Күн сайын ауру ағаларының зарын есту, қиналғанын көру оларды да мүжіп біткені көздерінен көрініп тұр. Қай жағынан шығарымызды білмедік алғашында. Анасы 24 сағат бойы баланың қасынан шықпаған соң табыс та кірмеген. Бізден ұлын уақытша болса да оңалту орталығына өткізуге көмектесуімізді сұрады. Сөйтсек, ол да оңай емес екен. Ақыры «Facebook» арқылы жұрттан ақыл-кеңес сұрадық».

Ол үндеуге денсаулық сақтау министрлігі құлақ асып, оң шешім шығарыпты. Бірақ жеме-жемге келгенде ана баласын өзгенің қолына қимай, өткізуден бас тартқан. Әлеуметтік желіде резонанс туғызған бұл ақпарат жомарт жандардың құлағына да жетсе керек. Қазір пәтер ақысын бейтаныс демеушілері төлеп отыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау департаменті күн сайын 2 сағат маман жіберіп, ананы бала күтімінен тынықтыратын болған. Осының арқасында қалған 2 қызғалдағына уақыт бөлетін болып жүр. «Шапағаттың» арқасында бұрын өз ақшасына алып келген ауырсынуды жеңілдететін дәрілер де заңға сәйкес тегін берілетін болған.
null

«Екі бөбек сіздерге аманат...»

«Үнемі қиындықта жүрген адамдар әбден басылып қалады. Оларды жақсылыққа сендіру үшін де күш керек, нақты әрекет қажет», - дейді кейіпкеріміз.
null

«Қыстың бір күнінде кеңсеміздің алдына аяқтарында жаздық етігі бар 9 жастағы ұл мен 2 жасар қыз келді. Қалталарында хат бар екен. «Екі балам сендерге аманат. Өзіме қол жұмсаймын деп шештім. Екеуін балалар үйіне өткізіңдер. Несие шаршатып бітті» деп жазылған» хатта. Дереу полицияға хабарласып, түні бойы әлгі әйелді іздеп, әрең таптық. Неге өлмек болғанын сұрасақ, 4 жыл бұрын Шортанды деген жерден 150 мың теңге несие алыпты. Негізі бес баласы бар екен. Жолдасы ішіп күн көрсетпеген соң, кенжелерін алып қашқан ғой. Қалаға келіп, теміржол депосына еден жуушы болып кірген. Бірінші айлығы түскен күні-ақ коллекторлар тауып алып, ақшаны банкке аудартқан. Сөйтсе, 150 мыңдық несиесі өсімпұлымен 990 мың теңге боп шыға келген. Біз тауып алғанда аузынан сөз шығарудың өзі мұң болды. Кейін айтады, адамның өзіне қол жұмсауы өте қиын екен. «Асылып қалсам ба», «көліктің астына түссем бе» деп сенделіп жүргенде біз тауып алыппыз.

Жолдасы бұл кеткенде балалардың құжатын бермей қойған. Соның кесірінен атаулы әлеуметтік көмектен де қағылып келген екен. Оған да бүкіл ұжым болып көмектестік».

«Шапағаттың» ұжымы балалардың бүкіл құжатын «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы қайта рәсімдетіп, атаулы әлеуметтік көмекке қолын жеткізіпті. Тағы да «Facebook» арқылы бұл әйелдің мәселесіне Ұлттық банктің назарын аудартады. Ұлттық банк пәрменімен несие беруші банк өкілдері келіп, әйелдің мәселесін тыңдаған. Ақыры 990 мың берешек азайтылып, ай сайын елеусіз сома төлейтіндей шешім шығарылыпты. Оған дейін деподан алғатын 48 мың теңге айлықтың 46 мыңын банк ұстап отырған.

Екі литр сүт және жарты бақыт

«Бір жолы» телефоныма жас ана жылап хабарласты. «Балама 2 литр сүт алып беріңізші» деді де тұтқаны тастай салды. «Неге тура 2 литр сүт» деген сұрақ қалды менде. Ертеңінде көмекшімді айтқан мекенжайға жібергем. Ол жылап келді. Мына кісіге кезектен тыс көмектсейікші, жағдайлары өте нашар екен дейді. Екі баласы бар жалғызбасты ана екен. Жұмысқа бару үшін сіңлісіне тастап кеткен ғой балаларын. Онысы қыдырып кетіп, балалар кеш қараңғысында қараусыз қалады. Баланың үлкені шырпы тұтатып, шам жақпақшы болғанда үстіндегі жейдесіне от ілініп, кеудесі тұтас күйіп қалады. Бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып аман қалған. Қазір де жағдайы мәз емес. Теріден жан кеткен сайын қышып, мазалайды екен. Оны басу үшін сүт алу керек. Балаға қараймын деп жұмыстан да шыққан ғой. Ақшасы таусылған соң амалы болмай бізге хабарласыпты. Баласы неше күн бойы ұйқы көрмеген соң ақыры менен 2 литр сүт сұрауға мәжбүр болыпты.
null

Баланы жазу үшін «интегро» деп аталатын жасанды тері салу қажет. Оның 5 шаршы сантиметрі 100 доллар тұрады екен. Ал біздің дәрігерлер дененің сау жерінен күйген бөлігіне тері алып салмақ болған. Онысы сәтсіз шығып, ауруы асқынып кеткен. Тағы да «Facebook»-ке пост жаздық. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаеваның көмекшісі, денсаулық сақтау министрлігі хабарласып, баланың мәселесіне араласып жатыр. Ал халық бір күнде 750 мың теңге жинап берді. Күйген денеге жабыстыратын пластырь қала бойынша бір жерде ғана сатылады екен. Көлемі 10х4 см болатын бір пластырьдің өзі 7 мың теңге тұрады. Онысы 4-5 күнге ғана жетеді екен. «Фейсбук» арқылы бір әйел шығып, соны 50 пайызға арзандатып бере алатынын айтты. Біреулер «емін тауып, дертін жазбаған соң одан не пайда» деп айтуы мүмкін. Басына іс түскен адамдар біледі. Баланың бір түнгі мазалы ұйысының өзі ана үшін кішігірім бақыт».

«Шебер ана» шыңдап жатыр

Ораза айындағы акция барысында «Шапағаттың» қыз-жігіттері «Шебер ана» деген акция жариялапты. Үйде отырған аналарды салондарда тігін ісіне баулымақшы. Оған бір аптада 160 адам жазылған.

«Мұқтаж жандар ең әуелі жұмысқа мұқтаж екеніне тағы бір көзім жетті. Бір аптаның ішінде интернет арқылы алғашқы тапсырысын алып жатқандар бар. Бір келіншек болды. Үш баласы бар, жолдасы тастап кеткен. Соған 40 шаршы метр ғимарат алып бердік. Шаштараз ашып, «Шапағаттың» тізіміндегі үш кісіні жұмыспен қамтып отыр. Міне бізге көмек сұрай келіп, кәсіпкер атанып жатқандар бар. Енді сол белсенділерінен бір топ жасақтап, ортақ іске тартсам деп жүрмін», - дейді Назгүл Мағжан.

Оразада шын мұқтаждарға ауыз ашқызу үшін басталған акция бүгінде мыңға жуық отбасыны қамтыған.
null

«Бір танысыма хабарлассам, «Rixos»-та 300 адамға ауызашар берем, осы айда өз міндетімді атқардым дейді. Ондай ауызашардың талайын көріп жүрміз. Жайылған дастарханның шеті де бүлінбей қалады. Кімнің алдындағы міндет ол? Кейін сол кісі біздің кеңсеге келіп, жағдайды көзімен көрді. Мұқтаж жандардың алғыс айтқанын көріп, жағасын ұстады. Жайлы тұрмыспен жүріп елден ажырап кеткендер бар ғой. Сол жерде 500 мың теңгенің азық-түлігін әкелтіп тастады. Тойып секірген адамдарды тойдырғанша, бір үзім нанға зәру адамдарды риза етсек, сауаптың үлкені сол шығар», - дейді Назгүл.

Қасиетті айда қамқорлықтан шет қалмайық деген халық «Шапағаттың» арнайы шотына 98 теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін ақша аударыпты.

«Бізден көмек сұрайтындардың 90 пайызы ауылдан келгендер. 10 пайызы жұмысы болса да, жеткізе алмай жүргендер. Бұл істі 2016 жылы киім үлестіруден бастағанбыз. Бүгінде түрлі курстар ашып, кәсіпке баулып жатырмыз. Біз жалғызбасты аналарға басымдық береміз. «Күйеуім бар, оның жұмысы жоқ» дегендерге сенбеймін. Өзім де қосымша жұмысты 22 мың теңгеге еден жуудан бастағанмын. Қазір кәсіпкермін. 3 жерде жұмыс істесе де жеткізе алмай жүргендер бар. Ең басында тізімдегі 120 отбасыны қамтимыз деп ойлағанбыз. Әлеуметтік желіге телефон нөмірін жазуымыз мұң екен, бір күнде 450 өтініш түсті. Сөйтіп, ораза басталғалы 986 пакет таратыппыз. Әр пакетке 5 мың теңгенің азық-түлігін саламыз. Қалған бір аптаға да азық дайындап қойдық. Дорба таратып қана қоймай, әр келген адамның осы күйге қалай жеткенін сұрап білеміз. Құжат бойынша қиналып жүргендері болса, оны шешуге де көмектесеміз. Арасында сөйтіп аяқтан тұрып жатқандары да бар. Кейде адамдарға көп дүние керек емес. Сәл ғана демеп жіберсеңіз жетіп жатыр, әрі қарай өз ұмтылып, өмірін арнаға салып алады. Ондайлар өте көп. 15 жыл бойы Қостанайда баспада корректор болып істеген адамды журналға жұмысқа кіргіздік. Төртінші ай болды, табысты жұмыс істеп жатыр», - дейді «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі.

«Бізде бәрі жақсы»

Қазір «Шапағат» қайырымдылық қорының кеңсесі азық-түлік қоймасына айналған. Жетекшісі Назгүл Мағжан көмекшілеріне кеңсенің есігі үнемі ашық тұрсын деген тапсырма беріпті.

«Қол жайып, біреуден бірдеңе сұрау деген өте қиын. Кейбір адамның есікті тартып ашуға жігері жетпей кетуі мүмкін. Кейбірі ашық тұрған есіктен аттауға күш таба алмауы мүмкін. Оны басынан өткен жандар ғана біледі», - дейді ол.

«1997 жылы әкем асқазан обыры деген күдікпен Ақмоладағы ауруханаға түсті. Шешем желтоқсан айынан ақпанның аяғына дейін соның қасында болды. 5 бала өзіміз қалдық. Мен үйдің үлкенімін. 12-дегі кезім, ең кенжеміз екіде болатын. Өзіміз пеш жағып, тамақ істейміз. Анам 3 айға жеткіз деген азықты бір айда бітіріп тастадық. Сонда көрші үйден бір үзім нан сұрауға дәтім бармай қиналғаным есімде.

Уағда бойынша анам әр апта сайын келісілген уақытта телефон шалады. Ауылда телефоны бар үй сирек кез. Өзіміз аштан бұратылып жүрсек те, әуелі әкемнің жағдайын сұрадым. Анам оған ем қонбай жатқанын, ақша болса біткелі қалғанын айтты. Соны естіп тұрып, біз ашпыз деуге ауыз бармайды екен. Ал бізде бәрі жақсы дей беріппін. Кенжеміздің тәтті қылықтары мен қызық сөздерін айтып, анамды күлдірдім. Ол кісі сөзіме сеніп, мәз боп қалды. Анамның қуанғанына мен де мәзбін. Бірақ кешке қарай тағы ашықтық. Ертеңінде інім мен сіңлімді көрші үйдің ауласына апардым да, не сұрау керектігін үйретіп, кіргізіп жібердім. Қолдарында бір кесе қант бар, екеуі жетектесіп шықты. Ол жайтты анам кейін білді. «Сол кезде біз ашпыз десең, әкелеріңді тастай салып ауылға келер едім» деп жылайтын. Абырой болғанда, әкемнің ауруы обыр болмай шықты. Қазір диета ұстап, күтініп жүр. Ал мен әлі күнге інім мен сіңлімнің алдында өзімді кінәлі сезінемін. Осы қорға басшылық ету туралы ұсыныс түскенде бас тарта алмадым. Өйткені, өз басымнан да мұқтаждық өтті ғой»,- дейді Назгүл.

Қазір «Шапағаттың» құрамында 40-тан астам елгезек жас еңбек етіп жүр. Облыс орталықтарының барлығында өкілдері бар. Олар да ораза айында қарлығаштың қанатымен су сепкендей жақсылық жасап, әр шаңырақтан сауап жинап келеді.

null null null null null

Соңғы жаңалықтар