Оразада Алматының 4 мешітінде Құран қатым түсірілмейді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Оразада мегаполистің 4 мешітінде Құран қатым түсірілмейді, тек Тарауық намазы оқылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы мешіттерінде қасиетті Рамазан айын атап өту үшін арнайы жоспар бекітілді. Ораза айына қаладағы барлық мешіттің дайындығы пысықталды. Биыл қаладағы 54 мешіттің 50-інде Тарауық намазында Құран хатым түсіріледі. Қалған 4 мешітте, яғни Медеу ауданындағы «Исмихан» мешіті, Наурызбай ауданы «Күлиза ана» мешіті, Түрксіб ауданында орналасқан «Макка» мен «Ар-Рахим» мешітінде Тарауық намазы Құран қатымсыз оқылады»,- деді шаһардың бас имамы. Сонымен қатар ол Алматы орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылатынын айтты. «Бұдан бөлек, оразада «Рамазан – ізгілік айы» аясында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары арасында «Жарапазан-Party» байқауын жарияладық. Мақсат – ораза айында дін мен дәстүрдің сабақтастығын дәріптеп, кенжелеп қалған дәстүрімізді жаңғырту»,- дейді ол.

Еске салсақ биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады. Қасиетті Қадір түні - 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түн. Ал 21 сәуір - Ораза айттың бірінші күні.


Соңғы жаңалықтар