Ораза айт - мұсылмандардың ұлық мерекесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін барша мұсылмандардың ұлық мерекесі - Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алла Тағаланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, бес парыздың бірін орындаған жандар ораза ұстауды аяқтайды. Ораза айттың тариxы терең, тағылымы мол, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері атап өтіліп келеді. 

Айттың мән-мағынасына келсек, «айт» - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді. Алла Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндіруінше, ол күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, мешітке - айт намазына хош иісті болып бару - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалынан. Сондықтан да, бұл амал мұстахаб саналады. Себебі, бұл қасиетті жұма сияқты көпшілікпен ашық-жарқын араласатын күн. Жұма күні қандай амалдар сүннет болса, айт күніне де солай. Осы айтқа байланысты тағы бір сүннет амалы жайында хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді», - делінген. Бұл да әрбір мұсылман үшін - сүннет.

Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан - береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Арада қаншама ғасыр өтсе де бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді.

Айт мейрамында ата-аналарымыздың, науқастардың, туған-туыстардың хал-жағ-дайын сұрап бару - үлкен сауап iс. Бас мүфти Ержан МалғажыұлыныңОраза айт мерекесімен құттықтауында "Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, тілеулестік білдіру - игі амал. Ораза айт - отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, балаларға сыйлық үлестіріп, ағайын-көрші, туыс, бауырларды қонаққа шақырып, айрықша көңіл бөлу де - сауапты іс", - деп атап өткен болатын. Алла Тағала қасиеттi Құранда: «Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-аналарыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыстығы бар көршi), бөгде көршiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндеріңе), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар», - дейді («Ниса» сүресi, 36-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ата-ана разы болмай, Алла Тағала разы болмайды», - деген. Олай болса, айт күндері ата-анаға қошемет көрсетiп, разылығын алу қажет-ақ. Ал, бақилық болғандарға Құран оқылып, сауабы бағышталады.

Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке - Ораза айт құтты болсын! Отанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендей берсін!

 

Соңғы жаңалықтар