«Оралман» фильмі Бішкектегі ұлттық киножүлденің екі марапатын иеленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Оралман» фильмі «Ақ Ілбіріс» ұлттық киножүлдесінің екі марапатына ие болды. Фильм «Орталық Азияның үздік фильмі» жүлдесімен, ал картинада басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда «Орталық Азияның үздік актері» жүлдесімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген фильм туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Туындының режиссері - Сәбит Құрманбеков.

Айта кетсек, «Оралман» көркем фильмі Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді. Одан бөлек, Германияда өткен 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалінде «Оралман» фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды. Ақпан айында аталған кинотуынды Непалда өткен 22-ші халықаралық кинофестивальде «Шетелдің үздік фильмі» жүлдесін иемденген болатын.

Мамыр айының соңында «Оралман» фильмі Австрияда өтетін халықаралық кинофестивальде көрсетілетін болады.

Сонымен қатар «Ақ Ілбіріс» киножүлдесінің «Әлемдік кинематографқа сіңірген еңбегі үшін» мәртебелі жүлдесі Қазақстанның халық артисі, танымал актер Нұржұман Ықтымбаевқа табысталған.

2012 жылы Қырғызстанның танымал кинематографистері ұйымдастырған «Ақ Ілбіріс» атты тұңғыш ұлттық киножүлдесі өткен жылдың үздік фильмдерін анықтайтын елеулі іс-шара. Киножүлде Қырғызстанның кинематографистер одағы, «Айтыш» қоғамдық ұйымы және Қырғызстан Республикасының кино дамыту қоры қолдауымен өтеді. «Орталық Азияның үздік фильмі» номинациясы 2010 жылы алғаш табысталған болатын.

null

Соңғы жаңалықтар