«Оралман» акциясы ортамызды толтыра ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл аяғына дейін «Оралман» акциясы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде акция ұсынған жеңілдік бойынша 4283 адам азаматтыққа құжат өткізген, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан соңғы бес жылда шетелдік мигранттарға қолайлы елдер арасында 129-орыннан 77-орынға көтеріліпті. ҚР ішкі министрлігінің дерегі осылай дейді. Яғни шетелден екі қолға бір күрек сұрап келгендер үшін біздің ел жайлы бола түсті деген сөз. Тек өткен жылдың өзінде көші-қон қызметі арқылы 434 мыңнан астам рұқсат берілген. Тек еңбек рұқсатын 17480 мигрант алса, биыл жыл басынан бері 15848 шетелдік бізде жұмысқа орналасқан. Еңбек мигранттары үшін есігі айқара ашық Қазақстан қандастарымызды қалай қабылдап жатыр? Осы сауалға жауап іздеп, Нұр-Сұлтан қаласындағы көші-қон қызметінің орталығына бас сұққанбыз.

Айтуған Жылқыбай деген қандасымызды қолындағы құжаттарымен кезекте тұрған жерінен жолықтырдық. Өзі Қытайдың Үрімжі қаласынан келіпті.

«Қазақстанға бірінші рет келуім. Осында нағашыларым бар. Ресмилікке салсақ, соларға қыдырып келдім деп айтуға болады. Ендігі мақсатым – Қазақстанның азаматтығын алу. Әйелім мен балаларым да осында. Оралман куәлігін алып болдық. Азаматтыққа өтініш беру үшін құжаттар жинап жүрмін», - дейді ол.

Сөзіне қарағанда, азаматтық рәсімдеуде Қазақстан тарапынан ешбір кедергі болмаған.

«Басында 4-5 күндей уақыт кеткен шығар. Медициналық анықтама алу сәл ұзақтау екен. Бүкіл құжатты нотаруис арқылы қазақшаға аударттық. Енді азаматтыққа тапсырамыз. Үрімжінің Іле ауданында туғанмын», - дейді қытайлық қазақ.

Осындай жолмен елге оралып жатқандардың қарасы көбейген көрінеді. Нұр-Сұлтан қаласының көші-қон полиция басқармасына қарасты азаматтық бөлімнің ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы Жанар Жақыпованың сөзіне сенсек, елордаға қоныс аударған қандастар саны биыл өткен жылғыдан әлдеқайда көп болатын түрі бар. 2018 жылы барлығы 368 оралман көшіп келсе, биыл 6 айдың өзінде 583 адам қазақ астанасына қоныс аударған.

«Оралман куәлігін алмағандар тұрақты тіркеуге тұрып, «оралман» мәртебесіне ие болып, ықтияр хат алғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматтығына тікелей тапсыра алады. Оған ары кетсе 3 ай уақыт кетеді. Биылғы жылдың басты өзгрісі осы болып тұр», - дейді орталық өкілі.

Ал «Оралман» акциясының арқасында 200-ге жуық қандасымыз азаматтық рәсімдеген.

«Биыл наурыз айында «Оралман» акциясы бастау алды. Мақсаты – ұлты қазақ шетел азаматтарына жеңілдікпен азаматтық беру. Акция басталғалы «оралман» мәртебесінің уақыты өтіп кеткен 198 қандасымыз анықталды. Оның 196-сы жеңілдікпен азаматтық рәсімдеп жатыр. Тек 2 адам азаматтық алудан бас тартты», - дейді маман.

Бұл тек елордадағы статистика. Ал республика бойынша акция жарияланған сәттен бері оралман куәлігінің мерзімі аяқталған 5122 этникалық қазақ құжат мерзімін ұзартқан. Оның ішінде 4283 адам азаматтыққа қабылдау туралы өтінішпен жүгініп отыр.

Қазір Қазақстан аумағында дәл осындай 17 орталық жұмыс істеп тұр. Бәрі республикалық маңыздағы қалалар мен облыс орталықтарында орналасқан. Орталықтарда жұмысқа рұқсат алу және ұзарту, виза ресімдеу, азаматтық мәселелерді реттеу, шетелдіктерді тұрақты тұруға ресімдеу, шетелдік үшін ЖСН, сақтандыру полисін, жеке көші-қон нөмірін алу және медициналық куәландыру сияқты мемлекеттік қызметтің 10-нан астам түрі «бір терезе» қағидатымен көрсетіледі. Осы орталықтың жұмысы жанданғаннан бері еңбек мигранттары қажетті құжатты бұрын бір аптаның ішінде алатын болса, қазір бір күнде рәсімдейтін болған.

Көші-қон мәселесінің қалтарыс-бұлтарысын бір адамдай зерттеп жүрген Ауыт Мұқибек «Оралман» акциясының құжат қыспағымен екі ортада қалып қойған талай қандастың мәселесін шешкенін айтады.

«Біз қандастардың алдынан шығып жатқан кедергілерді көп айтқанымыз сонша, келуге ниеттілерді үркітіп алдық. Соңғы кезде екі үлкен мәселенің беті бері қарады. Біріншіден, оралман мәртебесінің мерзімі өтіп кеткен қандастарға кешірім жасалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Президент ретіндегі өкілеттігін тоқтатуға 4 күн қалғанда Жарлық шығарып кетті. Сол Жарлық бойынша 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін мерзімі өтіп кеткен қандастардың бәріне орталман мәртебесі ұзартылды», - дейді қоғам белсендісі.

Ауыт Мұқибектің айтуынша, бұл акция, әсіресе, Қытайдан келген қандастарға көмектесті. Ал екінші акция өзбекстандық қазақтардың жылдар бойы қордаланған мәселесіне нүкте қоймақ.

«Тәуелсіздіктің 28 жылында азаматтық ала алмай жүрген қазақтар өте көп. Әсіресе Өзбекстаннан келген қандастарымызға тән мәселе бұл. Өйткені, Өзбекстан тәуелсіздік алғалы төлқұжат үлгісі 3 рет ауысқан. Соның кесірінен талай қандасымыз құжатын рәсімдей алмай келген. Енді ондай жандарға қолында бар құжаттардың негізінде «азаматтығы жоқ тұлға» деген статус беріп, ары қарай азаматтыққа өткізіп жатыр. Қазір осы акция жүріп жатыр», - дейді көші-қон жанашыры.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мнистрлігінің дерегі бойынша, жыл басынан бері Қазақстанға 6976 шетелдік қазақ қоныс аударған. Ал мемлекеттен бөлінген квота саны 2 103 адам. Яғни, қазірдің өзінде 4873 адам квотадан тыс, өз күшімен тарихи отанына келген.

Ал өткен жылы тарихи отанға 8 913 отбасы немесе 14 541 қазақ қоныс аударып, оралман мәртебесін алған. Олардың 49 пайызы Өзбекстаннан, 37,3 пайызы Қытайдан, 4,9 пайызы Моңғолиядан, 3,1 пайызы Түрікменстаннан, 1,3 пайызы Ресейден, 4,4 пайызы басқа елдерден көшкен.

Көшіп келген қандастардың ішінде еңбекке қабілетті жастағы тұлғалардың үлесі – 63,3 пайызды құраған. Тағы 27,2 пайызы жасқа дейінгі балалар болса, 9,6 пайызы зейнеткер болған.

Соңғы жаңалықтар