Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусым алдында Ресей допты хоккей федерациясының кубогін иеленді

None
None
ОРАЛ. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусым алдында Ресей допты хоккей федерациясының кубогін иеленді.

Команда бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сәулет Рафиковтың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, оралдықтар Киров қаласында өткен дәстүрлі жарыста топ жарды. Алдымен өз тобында үздік шыққан «Ақжайық» жартылай финалда Мончегорскінің «Кольская ГМК» командасын 3:0, ал финалда бірінші топтағы тағы бір мықты клубтың бірі «Богдановичті» 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Бас бапкер Александр Ионкин бастаған мамандар жаттықтыратын «Ақжайық» құрамында өзгерістер көп емес. Дмитрий Полынский Мончегорскіге кетсе, оның орнына Краснотуринскіден жас ойыншы Сергей Ким алынды. Өкінішке қарай, қақпа кілтін біраз уақыт бойы берік ұстаған Вячеслав Горчаков денсаулығына байланысты командамен қош айтысса, енді бұл орынды Ульяновскіден келген Андрей Ятманов басатын болады. Қалғандары - бұрыннан «Ақжайықтың» намысын қорғап жүргендер, арасында жастар да бар.

Биылғы маусымда допты хоккейден Ресей чемпионаты бірінші лигасының бірінші тобында жеті команда сынға түсетін болса, соның үшеуі финалдық сайыстарға жолдама алады. Саратовтың «Универсал», Самараның ЦСК ВВС, Ульяновскінің «Волга-2» командаларына биыл Мончегорскінің «Кольская ГМК», сондай-ақ Нерехтаның «Старты» мен Королевтің «Вымпелі» қосылып отыр. Бұл осы топтағы бәсекелестікті күшейте түседі.

«Ақжайық» жаңа маусымды желтоқсанның 15-16-сында Самарада бастайды.

Соңғы жаңалықтар