Оралдықтар Жеңіс алаңында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысында Жеңіс күні кеңінен аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралдықтар мейрамды Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Оралдағы госпитальдарда қаза тапқан жауынгерлер жерленген бауырластар зиратына, Кеңес Одағының Батыры Темір Масин, маршал Георгий Жуков, қазақтың үш батыр қызы Мәншүк, Әлия, Хиуаз ескерткіштеріне, «Ол күндердің даңқы өшпейді» мемориалына және Жеңіс алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Мәңгілік алау жанында Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған батысқазақстандық жауынгерлердің аты-жөндері қашалып жазылған. Сондықтан бұл күні әркім сол сұрапыл майданда қаза тапқан туысқандарын еске алып, тағзым етеді.

Жеңіс алаңына жиналған жұртшылықты облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, бұл мерекенің әрбір қазақстандық үшін қастерлі де қасиетті екендігін жеткізді.

«Елбасымыз аға буынның бейбіт өмірді сақтау жолында көрсеткен көзсіз батырлығын әрдайым жадымыздан өшірмей, үлгі ете беретінімізді атап өткен болатын. Жеңістің қадір-қасиетін есте сақтап, болашаққа аманат ету - барлығымыздың перзенттік парызымыз. Жыл сайын біз осы Жеңіс алаңына жиналып, ата-бабаларымыздың рухына тағзым етеміз», деді облыс басшысы.

Екінші дүниежүзілік соғысқа 1 млн 800 мыңнан астам қазақстандық қатысса, соның ішінде 76 мыңнан астам адам Батыс Қазақстан облысынан майданға аттанды. Солардың тек тең жартысы елге оралды. 528 адам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанса, соның ішінде 40-ы - батысқазақстандықтар.

Майдангерлер қатары жыл сайын сиреп келеді. Ұлы Жеңістің 73 жылдығын биыл Қазақстан бойынша 2067 майдангер қарсы алса, Батыс Қазақстан облысында 108-і ғана қалды.

Өңір басшысы атап өткеніндей, батырларға деген құрмет бәсеңдемек емес. Бұдан бұрын Оралда Мәншүк, Әлия және Хиуазға ескерткіш орнатылғаны белгілі. Енді батысқазақстандықтар Астананың 20 жылдығына орай елордаға Мәншүк Мәметованың ескерткішін тарту етпекші.
Жеңіс күнімен сондай-ақ соғыс және еңбек ардагері Хамза Сафин құттықтап, ел басына түскен осынау нәубеттің енді ешқашан қайталанбай, Қазақстанда бейбітшілік салтанат құра беруіне тілектестігін білдірді.

Бұл күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында майдангерлер мен тыл еңбеккерлері «Сарбаз ботқасынан» дәм татты.

Жеңіс күні облыс аудандарында да кеңінен тойланып өтті.

Соңғы жаңалықтар