Оралдық тұрғын арзан үй аламын деп, алаяқтарға алданып қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдық тұрғын арзан үй аламын деп, алаяқтарға алданып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Марат Сүгіровтің айтуынша, адамдар интернет алаяқтарға сеніп қалып, жиі опық жейді.

Орал қаласының тұрғыны «OLX» сайтында орналастырылған тұрғын үйдің бағасы төмен болғандықтан, алаяққа хабарласып, оның құрған тұзағына түседі. Алаяқ өзін басқа қаладамын деп сендіріп, тұрғынның ақшасы сақталған есепшотын көрсетуді өтінеді. Аңғал сатып алушы реквизиттерімен есепшоттың көшірмесін жібереді. Алаяқ соны пайдаланып, ақшаны басқа есепшотқа аударып үлгереді.

М.Сүгіровтің сөзіне қарағанда, мұндай алаяқтар негізінен басқа өңірлерде тұратындықтан, оларды ұстау оңай емес.

«Жыл басынан бері полиция қызметкерлері Астана, Павлодар, Қарағанды, Балқаш, Алматы, Тараз және Ақтөбе қалаларына барып, 12 қылмыс жасаған интернет алаяқтарды қолға түсірді. Олар сайттарда үй, киім, алтын бұйымдар сатамыз, жұмысқа орналасуға көмектесеміз деп, хабарландыру ұйымдастырып, алдын ала ақша сұрап, алып отырған. «Іс бітіп, қу кеткеннен» кейін телефондарын айырып тастайды. Қазіргі кезде аталған деректер бойынша тергеу жүргізілуде», деді М.Сүгіров.

Соңғы жаңалықтар