Оралдық тұрғын Арменияда ұрланған автокөлікті заңдастырғысы келген

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдық тұрғын Арменияда ұрланған автокөлікті заңдастырғысы келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметкері Дариға Мәжитованың айтуынша, 17 ақпан күні иесі заңдастыруға әкелген «Ford Explorer» автокөлігінің Арменияда ұрланғаны анықталды.

«Сонымен қатар 16 ақпанда»Шевролет Кобальт«автокөлігінің шанақ нөмірін қолдан жасау дерегі белгілі болды. Оның құжаттарында да сәйкессіздіктер бар. Екі автокөлік сақтау қолхатымен қазіргі иелеріне қалдырылды. Аталған деректер бойынша ҚР ҚК 385-бабы 3-бөлігіне (көрінеу жалған құжатты пайдалану) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады», деді Д.Мәжитова.

Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстанда осы кезге дейін 3056 автокөлік заңдастырылса, соның 373-і Армениядан, 2515-і Ресейден әкелінген. 159-ы – Армениядан жеткізіліп, «сары» нөмірмен жүргендер.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үш автокөлік соқтығысып, 3 адамның зардап шеккенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар