Оралдық оркестр халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешені жанындағы өнер мектебінің «Атамұра» халық аспаптар оркестрі Астана қаласында өткен балалар мен жасөспiрiмдердiң шығармашылығына арналған «Еуразия жұлдыздары» халықаралық жобасы аясындағы "Феерия" халықаралық музыкалық фестиваль-байқауынан бас жүлдемен оралды.

Аталмыш байқауға Қазақстан ғана емес, сондай-ақ Ресейдің Санкт-Петербор, Мәскеу, өзге де қалаларынан барлығы 400-ге тарта өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдары қатысты. Оркестрден басқа домбыра, прима, қобыз, бас домбыра аспабы, би аталымы бойынша жеке өнер көрсеткен 7 оқушы бiрiншi, 4 оқушы екiншi жүлдені еншіледі.

Дарынды балалар мектебінің директоры Ерсайын Сапаровтың айтуынша, өнер мектебі жанында «Атамұра» оркестрінің жұмыс жасағанына жиырма жылдай уақыт болды. Соңғы бес-алты жылдан бері оған Зәуреш Құсайынова жетекшілік етіп келеді. Жыл өткен сайын құрамы жаңарып отыратын оркестр екі мәрте халықтық атағын қорғады.

«Атамұра» оркестрі енді наурыз айында Астана қаласында шетелдік өнер ұжымдарының қатысуымен өтетін «Грация» халықаралық фестивалінде ел намысын қорғамақ.

Соңғы жаңалықтар