Оралдық оқушылардың жобалары республикалық және халықаралық байқауда үздік деп танылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының инновациялық жобалары республикалық және халықаралық байқауда үздік деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Caspian Startup-2022» халықаралық байқауы аясында алғаш рет республикалық Demo Day шарасы өткен еді. Халықаралық IT стартаптар технопаркі ұйымдастырған сайыс барысында NIS оқушылары үш ай бойы Astana HUB-та онлайн оқып, тәлімгерлермен бірлесе жобаларын әзірледі. Содан кейін жоба авторлары Ақтау қаласында өз жетістіктерін көрсетті.

Demo Day алаңында ұсынылған жобалардың ішінде Оралдағы NIS командасының «NFT-будильник L7RK» стартапы үздік деп танылды. Команданың әрбір мүшесінің өз міндеттері бар: Адэля Шаукенева топ көшбасшысы болса, Алмас Сапаров пен Азамат Оразғали мобильді жасақтауға жауапты, Ернұр Нәсіпқали – веб-дизайнер және фронтенд, Абылай Мәметан – аналитик маман.

NFT оятқыштың ерекшелігі сол, арнайы тексерістің көмегімен ерте оянғанын дәлелдеген жағдайда бағдарлама белгіленген токендерді қолданушы пайдасына есептейді. Әрі қарай пайдаланушы оларды цифрлық долларға айырбастап, кейін бұл ақшаны басқа виртуалды әмияндарға аудара алады.

Жеңімпаздар мобильді қосымшаны әзірлеуді аяқтап, Astana Hub-тың BlockChain Battle-да бақтарын сынап көруді жоспарлап отыр. Ұл-қыздардың жетекшісі, мектеп мұғалімі Орал Қыдыршаев мұндай байқаулар стартап ойлап табу, өз өнімін таныстыру және компаниялармен қарым-қатынас орнатуға үйрететінін айтады.

Команданың белді мүшесі Алмас Сапаров «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық конкурсында пневмонияның бар-жоғын лезде анықтайтын «ChestXRayAl» қосымшасы үшін де алтын медальға ие болды.

Радиологтарға көмек болатын бағдарламаны жасап шығару идеясы авторға пандемия кезінде келген. Ол үшін медициналық орталықтардан жиналған 5 800-ден астам рентген түсірілімдерін қамтитын деректер жиынтығын пайдалана отырып, визуалды кескіндерді талдау үшін жиі қолданылатын конволюционды нейрондық желі оқытылды.

«Рентген суреті арқылы бағдарлама өкпе қабынуының бар-жоғын 92 пайыз дәлдікпен анықтайды. Егер мамандарға консультация мен диагностикаға 15 минут қажет болса, ChestXrayAI жасанды интеллектінің арқасында бірнеше секунд жеткілікті», – дейді Алмастың ғылыми жетекшісі, мектеп мұғалімі Борис Зеленов.

Халықаралық байқауда Қазақстанмен бірге Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа елдерден келген қатысушылар өз жобаларын таныстырды.


Соңғы жаңалықтар