Оралдық оқушылар Тұңғыш Президенттің өмір жолымен танысты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай өңірдің барлық мектептерінде ашық сабақ ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заманауи Қазақстан. Елбасының көшбасшылығы сабақтары» тақырыбында өткен ашық сабақта Елбасының тәуелсіз мемлекет құрудағы рөлі, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары айтылды.

Өңірге танымал тарихшы, өлкетанушы, «КазИИТУ» ғылыми-білім кешені рухани жаңғыру кафедрасының меңгерушісі Сайлау Сүлейменов Орал қаласындағы М.Мәметова атындағы №27 физика-математика бағытындағы мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушыларымен, ұстаздарымен кездесті.

«Ашық сабақ барысында Елбасымыздың өмірбаянына қысқаша тоқталып, оның қайраткерлік, тұлғалық, адами қасиеттерін барынша ашып көрсетуге тырыстым. Алдымен оқушылық кезінен сыр шерттім. Қаскелеңдегі музейінде болғанмын, сондықтан Тұңғыш Президенттің қарапайым отбасынан шыққанын, жастайынан спортпен айналысып, домбыра шертіп, ән салғанын айттым. Оның өсу жолдары өз алдына, халқымыз үшін Семей ядролық полигонын жабудағы еңбегі ерекше еді. Бүкіл әлем мойындаған тұлға туралы оқушылар да салиқалы, салмақты сұрақтар қойып, қызығушылық танытты», деді ҚазАқпарат тілшісіне Сайлау Хамитұлы.

Ашық сабаққа қатысқан 11-сынып оқушысы Армат Оразов Елбасы жөніндегі таным-түсініктерінің молая түскенін жеткізді.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Балғазиеваның айтуынша, білім ордасында ашық сабақ Тұңғыш Президент күніне орай он күндік шаралар аясында өтті. Бұдан басқа дөңгелек үстелдер, суреттер байқауы, шығармалар сайысы, би марафоны, сынып сағаттары, шахмат жарысы жалғасын табуда.

Соңғы жаңалықтар