Оралдық келіншек әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оралдық спортшы әйел әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Facebook-те жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жерлесіміз Әнел Сытдықова әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті! Өткен түні Әнел 38 шақырым қашықтықты 15 сағат 15 минут уақытта гидрокостюм кимей жүзіп өтті. «Қазақстанның темір ханшайымы» атағын бірнеше мәрте иемденген біздің триатлоншымыз Әнел Сытдықованы, бапкерлерін, жақындарын таңдай қағуға тұрарлық нағыз жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Спортшыларымыз жеткен жетістік – біз үшін де зор мәртебе», - деп жазды облыс басшысы.

«Мәреге соңғы шақырымдар қалғанда дауыл басталды. Мені ағын алып кетті. Сондықтан уақытым тағы бір сағатқа және қосымша 4-5 шақырымға созылды. Қазылар алқасы жалпы ұзақтықты 38 шақырым деп тіркеді», - деді Әнел Сытдықова.

Uralskweek сайтының жазуынша, бүгінде Әнел отбасымен Англияда тұрады. 9 жыл бұрын түрлі елдерде триатлон жарыстарына қатыса бастады. Нәтижесінде әлемнің ең үздік спортшыларының қатарына енді. Ол мектепті Орал қаласында бітіріп, жоғары оқу орнын Алматыда үздік аяқтаған. Кейін Лондон университетін тәмамдады. Жолдасы Нұрланмен бірге үш баланы тәрбиелеп отыр. Спортшы келіншек «Қазақстанның темір әйелі» титулына ие. Ол Қазақстан әйелдері арасында алғашқы Айронмен (Ironman) және алғашқы Ультрамен (Ultraman).

Атап өтілгендей, ТМД елдерінде оның жетістігіне әлі ешкім жеткен жоқ.

Соңғы жаңалықтар