Оралдағы Достық-Дружба даңғылы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Достық-Дружба даңғылы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын болды. Бұл туралы шешім Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХ сессиясында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессияны ашқан Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеров күн тәртібіне қаладағы Достық-Дружба даңғылын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен қайта атау туралы бір мәселенің енгізілгенін жеткізді.

Сессияда Орал қалалық мәслихаты нормативтік-құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Амангелді Ермекқалиев, Орал қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытжан Нұрбаев, қалалық мәслихат депутаттары Валентина Михно, Әнуар Мұқатаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды дамытудағы еңбегі орасан екендігін, Достық даңғылының ендігі жерде ұлттар достығын бекемдеген Елбасының есімімен аталуы жарасатындығын атап өтті.

Жиынға қатысқан Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Тұңғыш Президенттің есімін мәңгілікке қалдыру үшін облыс орталықтарындағы негізгі көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс жасағандығын айтты. Осыған қарай Орал қаласы әкімдігі, қалалық қоғамдық кеңес және тұрғындардың бірлескен жиыны өтіп, Достық-Дружба даңғылын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атау жөніндегі ұсынысты толық қолдады.

Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

Соңғы жаңалықтар