Оралдағы дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешеніне 85 жыл толып отыр

None
None
ОРАЛ. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралдағы дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешеніне 85 жыл толып отыр.

Мектеп директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Роман Байғазиевтің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, көп жылдар бойы Оралда қазақ тілінде сабақ беретін жалғыз ғана білім ордасы болған мектепке 1964 жылы Сәкен Сейфуллиннің есімі берілсе, тәуелсіздік алғаннан кейін оның бақ-мәртебесі биіктей түсті. Бұдан он жыл бұрын дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты кешені атанса, 2007-2008 оқу жылынан бастап сабақ үш тілде жүргізіледі. 

Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша №11 мектеп республика бойынша алдыңғы 100 білім ордасының ішінен екінші орынды еншілесе, сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ең үздік жаңашыл мектеп» атағы берілді. Мектептің көптеген түлегі «Алтын белгі» иегері атанды.

Облыс әкімінің қолдауымен 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан академик Асан Тайманов атындағы техникалық олимпиадада үздік атанған 49 түлек Қазақстан-Британ техникалық университеті сынды жетекші оқу орындарында білімдерін жалғастыруға мүмкіндік алды. Ал Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде оқып жатқан шәкірттер саны 15-ке жетті. Халықаралық АСПРЯЛ/АКСЕЛС бағдарламасына сәйкес ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Тамара Сейтақова тәрбиелеген қос шәкірт АҚШ-та білімін ұштауда.

Жиырма жылдан бері мектепке басшылық етіп келе жатқан Ерсайын Сапаров «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, Жұмабике Сұпалиева «Құрмет» орденінің иегері атанды. Айғаным Есқазиева, Светлана Танасова, Серік Қазиханов, Қадыр Лұқпановтар әр жылдары республика деңгейінде таңдаулы ұстаздар қатарынан көрінсе, бұл табысты жол кейінгі кезде де жалғасып отыр.

Қазіргі кезде аталмыш мектепте 740 оқушы білім алуда.

Соңғы жаңалықтар