Оралда жүргізуші саяжай аумағына 6 тоннаға жуық сиыр терісін түсіріп кеткен

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ірі қара терісін саяжай аумағына түсіріп кеткен жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, 17 қаңтар күні сағат 13.59-да әйел адам белгісіз біреудің «Орбита» саяжай қоғамдастығы аумағына ірі қара терісін түсіріп кеткендігін хабарлаған.

Оқиға орнына Абай полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары барып, бейнебақылау камерасының көмегімен автокөлікті, содан кейін жүргізушіні анықтады.

Мәлім болғанындай, 13 қаңтар күні түн ортасында Орал қаласында тұратын 1989 жылғы жүргізуші «КамАЗ-5511» автокөлігімен салмағы шамамен 5-6 тоннадай сиыр терісін түсіріп, тайып тұрған.

Қазіргі кезде аталмыш жүргізуші ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына (қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, өткен жылы облыс бойынша осы бапқа сәйкес 3927 заңбұзушылық белгілі болды. Ал Орал қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығының мәліметіне сәйкес бейнебақылау камераларының көмегімен 2018 жылы 16104 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді.

Соңғы жаңалықтар