Оралда жүргізуші куәлігі жоқ азамат рульге отырып, бағанға соғылған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда соңғы кезде орын алған жол-көлік оқиғалары бойынша тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 8 шілде күні сағат 22.00 шамасында жүргізуші жол қауіпсіздігін сақтамай, «ВАЗ-2106» автокөлігімен Еуразия даңғылы бойында ғылыми-техникалық кітапхана аялдамасы тұсындағы реттелмейтін жаяу жүргінші жолағымен өтіп бара жатқан екі адамды қағып кеткен.

Соның салдарынан түрлі жарақат алған қос жүргінші қалалық ауруханаға жатқызылды.

Бұл оқиға бойынша қалалық ішкі істер басқармасы ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес («Абайсызда адамның ауыр дене жарақатын алуына соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу») сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

10 шілде күні сағат 04.30 шамасында «Mazda» автокөлігінің жүргізушісі Гагарин көшесімен келе жатып, рульге ие бола алмай, №22 мектепке қарама-қарсы беттегі электр бағанына соғылған.

Жүргізуші түрлі жарақатпен қалалық  ауруханаға жеткізілді.

Бір «қызығы», бұл тұрғын көлік жүргізу құқығынан айырылса да, рульге отырған. Абырой болғанда, өзінен басқа ешкім зардап шеккен жоқ.

Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес («Көлік құралын басқару құқығынан айырылған болса да, көлік басқару») қылмыстық іс тергелуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөліктің екі адамды қағып кеткенін және тағы бір автокөліктің бағанға соғылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар