Оралда жұмысынан заңсыз қуылған оқытушы 500 мың теңгесін сот арқылы қайтарып алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО азаматтық істер жөніндегі сот алқасы оралдық оқытушының құқығын қорғап, оны бұрынғы жұмысына қайта орналастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «№1 балалар өнер мектебі» МКҚК директоры Т.Әлімбаевтың 2017 жылғы 31 тамыздағы №33-Қ бұйрығымен оқытушы Құндыз Құзанбаева жұмыстан шығарылған.

Орал қаласы №2 сотының 2018 жылғы 5 желтоқсандағы шешімімен Қ.Құзанбаеваның аталмыш бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспеген талап қоюшы апелляциялық шағым келтірген.

Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін толықтай жоя отырып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарды.

Аталған бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Сот алқасы отырысында мәлім болғанындай, Құндыз Құзанбаева аталмыш мектепке 2015 жылы жұмысқа кірісіп, бір жыл мерзімге келісімшартқа отырған. Екі рет келісімшарт мерзімі ұзартылған. Үшіншіде бұл келісімшарт ұзартылмай тасталған. Бұл дау алдымен сол мекемедегі келісім комиссиясында қаралуы тиіс еді. Алайда комиссия жоқ деген себеппен мәселе қаралмаған. Кейін сот шешімімен комиссия құрылып, қаралғанымен, оқытушының арызы қанағаттандырылмады. Содан кейін ол сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Апелляциялық сот алқасы шешім шығарған кезде сол кезде күшінде болған бұрынғы Еңбек кодесі мен ұжымдық келісімшарт талаптарының бұзылғанын ескерді.

Осылайша сергелдеңге түскен талапкер бұрынғы жұмысына қайтадан орналастырылып, оның пайдасына мәжбүрлі түрде 6 ай бос жүргендегі 500 мыңға жуық теңге орташа еңбекақысы мен 150 мың теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді.

Сонымен қатар осы іс бойынша анықталған заңбұзушылықтар жөнінде тиісті шара қолдану үшін БҚО білім басқармасының басшылығы атына арнайы жеке ұйғарым шығарылды.

Сот отырысы аяқталғаннан кейін талап қоюшының өкілі (әкесі) Оралхан Құзанбаев 2017 жылдан бері жалғасып келе жатқан дауға нүкте қойған апелляциялық сот алқасының шешіміне риза екендігін білдірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын пештің мұржасын ауыстырған оралдық тұрғынның сотта жауап беріп, ақыры ақталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар