Оралда Жұбан ақынға ескерткіш орнатылады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұбан Молдағалиевке Орал қаласында ескерткіш орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайран Дүйсентегінің айтуынша, бұл шара ақынның 100 жылдығы аясында жүзеге аспақшы.

«Қазіргі кезде эскиздік жобалар ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жолданды. Республикалық комиссия бекіткеннен кейін ескерткіш орнату жұмыстары басталады. Оны Оралдағы Жұбан бағында орнату көзделуде. Онда тұрған ақын мүсіні басқа жерге көшіріледі», деді ҚазАқпарат тілшісіне Сайран Дүйсентегі.

Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған негізгі шараларды қыркүйек айының аяғында өткізу жоспарлануда.

Халықаралық Жұбан оқулары, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, үш тілде энциклопедия шығару сынды шаралар жүзеге асырылады. Туған жері Ақжайық ауданында демеушілердің күшімен Жұбан орталығын салу ойластырылуда.

Жұбан Молдағалиев – Қазақстан ғана емес, 1978 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленіп, одақтық деңгейде де мойындалған ақын. КСРО және Қазақстанның Жоғары кеңесінің депутаты болған ол еліміздің Жазушылар одағын да басқарды.

Қылышынан қан тамған кеңестік дәуірдің өзінде «Мен – қазақпын» деп жар салып, атақты поэмасын жазған қайраткер ақын 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде бұғып қалмай, Колбинге ащы шындықты жайып салып, жастарға араша түсті. Жұбан Молдағалиев осы бірегей ерлігімен де ел есінде қалатын болады.

Қазіргі уақытта облыста Ж.Молдағалиевтің 100 жылдығына орай арнайы жұмыс тобы жұмыс жасап жатыр.

Айбарлы ақынға Оралда ғана емес, елорда мен Алматыда ескерткіш орнату, Халық қаһарманы атағын беру туралы ұсыныстар айтылуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақсай қаласында Абайдың ескерткіші орнатылатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар