Оралда ЖШС қызметкері әріптесін ұрып өлтірген

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында бір ірі ЖШС ғимаратында кісі өлтіру оқиғасы орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, 30 наурыз күні шамамен сағат 14.50-де ер адамның мүрдесі табылғаны жөнінде мәлімет түскен. Жедел іздестіру шаралары барысында осы ЖШС қызметкерлері мен күдіктілер тексерілді. Полиция қызметкерлері бір күннің ішінде күдіктіні анықтады.

Мәлім болғандай, сол ЖШС-да бірге жұмыс жасайтын 1981 және 1961 жылғы екі азамат бірге арақ ішкен. Соның барысында араларында жанжал туындаған. 58 жасар күдікті әріптесін аямай, соққыға жыққан. Салдарынан 38 жасар азамат оқиға орнында қаза тапқан. Қылмысын жасыру мақсатымен күдікті марқұмның денесін бір бөлмеге тығып тастаған. Жиырма күндей уақыт өткеннен кейін қызметкерлер мүрденің иісін сезіп, содан табылған.

«Қазіргі уақытта қылмысын мойындаған күдікті уақытша оқшаулау изоляторында отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне полиция басқармасының баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар