Оралда жол тәртібін 84 рет бұзған жүргізушіге 1,2 млн теңге айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 23 қазанда 40 стационарлық автоматты жүйесі («Призма-Stos») орнатылғаннан бері 25 мыңнан астам жол ережесін бұзу оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, аталмыш жүйе екі бағытта жылдамдық режимін бұзғандарды тәулік бойы тіркейді.

Аталған жүйе іске қосылғаннан бері жол жылдамдығын шамадан тыс арттырғаны үшін 25 мың жүргізушіге айыппұл салынды.

Атап айтқанда, Ресей Федерациясында тіркелген Kia Rio автокөлігінің жүргізушісі 84 рет жылдамдықты асырған. Сол үшін оған 1,2 млн теңге айыппұл төлеу керектігі жөнінде нұсқама шығарылды. Қазіргі кезде аталған көлік сақтандыру полисі келісімшартын жасамағаны үшін ақылы тұраққа қойылды.

Сол секілді Ресейде тіркелген Lexus автокөлігінің жүргізушісі 52 рет жылдамдықты асырғаны үшін 700 мыңнан астам теңгені төлеуге мәжбүр болды.

Аталған көліктердің қаланың кей жерлерінде жылдамдықты сағатына 100 километрден асырғаны белгілі болды.

БҚО полиция департаменті барлық тұрғындарды жол ережесін қатаң сақтау керектігін еске салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 42 жастағы еркектің қызғаныштан ашынасын өлтіргенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар