Оралда жол апатында 5 адам зардап шекті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда екі жеңіл көлік бір-біріне соғылып, 5 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 17 тамыз күні сағат 08.00-де Желаев жолында болды. «ВАЗ-2112» және «Лада Гранта» автокөліктері соқтығысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жол апаты салдарынан 5 адам зардап шекті.

Жеңіл дене жарақатын алған 11 жастағы қыз, 24 және 27 жастағы жігіттер облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер тиісті көмек көрсетіп, амбулаторияға жіберді. 13 жастағы қыз бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. 44 жастағы әйел бас пен мидың жабық жарақатын алып, тобығы сынған. Ол облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр.

Түске қарай автобус жеңіл көлікке соғылды. Сағат 10.56-да Абай және Н.Назарбаев даңғылдарының қиылысында №2 бағытпен жүретін, 1953 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «МАЗ» автобусы бұрылу кезінде «Ауди» автокөлігіне соғылды. 20 жастағы жүргізуші «Аудимен» қарсы бағытта келе жатқан.

Соның салдарынан автобустағы 1981 жылғы жолаушы әйел жеңіл жарақат алды. Облыстық ауруханада медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық ем алуға жіберілді.

Бұл оқиға бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 610-бабына сәйкес хаттама толтырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автобус қағып кеткен жаяу жүргіншінің жансақтау бөліміне түскенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар