Оралда жол апатынан 34 жастағы мотоциклші көз жұмды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында «Лада Калина» мен мотоцикл соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 16 маусымға қараған түні сағат 23.50-де Самара-Шымкент автожолында Теректі ауданы Подстепный ауылы бағытында болды.

«Полиция бекетіне жетпей болған жол апатынан мотоциклдің 1988 жылғы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Жеңіл көліктің 1977 жылғы жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен және сүйек сынықтарымен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.

Көліктердің қандай жылдамдықпен жүргені, басқа да мән-жай тергеу барысында анықталады.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген 1977 жылғы ер адамның алдын ала диагноз бойынша омыртқасы сынған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 18 жастағы жүргізушінің қаза тапқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда жансақтау бөліміне түскен ер адамның жағдайы ауыр, ота жасалды.

Бұл ер адам отадан кейін қайтыс болды. Осы оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар