Оралда жіті ішек инфекцияларымен ауырғандар саны 6 есеге өсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда жіті ішек инфекцияларымен ауырғандар саны 6 есеге өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан мәлім еткеніндей, жыл басынан бері барлығы 86 адам (өткен жылы осы мерзімде - 13) сырқаттанса, соның 48-і 14 жасқа дейінгі балалар.

Әдетте жаз мезгілінде ішек инфекцияларына шалдығу жиілеп, көбіне балалар ауырады. Мұның негізгі себебі - үй жағдайында тамақ өнімдерін сақтау және дайындау шарттарының бұзылуы.

Ішек инфекцияларын жұқтыру әдетте лас су мен тағамды тұтынумен байланысты. Патогендер адам ағзасына лас қолдармен енуі де мүмкін. Сондықтан жеке гигиена ережелерін сақтау қажет.

Басқарма мәліметіне қарағанда, жіті ішек инфекциясы лагерьлерде демалып жатқан балалар арасында тіркелген жоқ. Қала сыртындағы барлық 4 лагерь басқарма бақылауында.

«Сонымен қатар 13 шілде күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына үш жасөспірімнің жіті гастроэнтероколит диагнозымен түскені туралы шұғыл хабар жетті. Тексере келгенде, олардың Орал қаласына спорттық жиынға келгені анықталды. Үшеуі де қаладағы қонақүй кешенінде бір нөмірге орналасқан. 12 шілде күні жасөспірімдер таныстарының бірінің туған күнін атап өткен соң кеште 3-4 рет іштері өтіп, құсқан, диспепсиялық бұзылулар пайда болған. Қазіргі таңда жасөспірімдердің жағдайы қанағаттанарлық. Аталмыш қонақүй кешенінен диспепсиялық бұзылулар туралы басқа шағым түскен жоқ», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қарбыздан уланды деген күдікпен тағы үш баланың ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 72 пайызға өсті.



Соңғы жаңалықтар