Оралда жергілікті үлесті ұлғайту жөнінде 47 млрд. теңге көлемінде меморандумдарға қол қойылды - ФОТО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін БҚО әкімдігінде жергілікті үлесті дамыту және жұмыс орындарын сақтау мәселелерін талқылаған форум болып, оған ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник, Парламент, ұлттық компаниялар, кәсіподақ ұйымдары, өңір кәсіпкерлері қатысты.

Әсет Исекешевтің атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес осындай шаралар барлық өңірде ұйымдастырылуда. - Аймақтарда қазірдің өзінде 12 форум өтіп, 200 меморандумға қол қойылды. Қазақстан әлемдік экономиканың бір бөлігі болғандықтан, жаһандық өзгерістерден тыс қала алмайды. Сыртқы келеңсіз көріністердің әсер етпей қоймайтыны белгілі, сондықтан мемлекет ірі кәсіпорындарға қолдау көрсетеді. Олар өз кезегінде айналасындағы шағын және орта бизнеске оң көзімен қарауы тиіс. Түптеп келгенде, бұл жұмыс орындарының сақталып, өндіріс орындарының қалыпты дамуына оң ықпал етеді. Бүгінгі келісімдердің мәні мынада, кәсіпкерлер ірі индустриялық жобаларды жүзеге асыру үшін тауар жеткізіп, қызмет көрсетеді. Облыс әкімдігі оның сақталуына күнбе-күн мониторинг жасап, апта сайын Үкіметке хабарлап отырады. Бірінші бесжылдықтың қорытындысы бойынша жергілікті үлестің 48-ден 63 пайызға өскендігін, жаңа тауарлар түрлері пайда болғандығын айта кетейік. Көптеген тауарлар мен қызметтер жүгін жергілікті өндірушілер көтере алады. Бизнес қол қусырып қарап отырмауы керек. Өндірісті жаңартып, кадрлар біліктілігін арттырып, жаңа нарық жолдарын таба білуі қажет. Ең бастысы, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. ҚР Инвестициялар және даму министрі ойын осылай түйді. «Мемлекет басшысы айтқандай, кез келген дағдарыс келеді, кетеді. Біздің міндетіміз - одан мықты болып шыға білуімізде». Сөзін осылай бастаған Владимир Школьник жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды.

- Қазақстан Республикасы Үкіметі 2015 жылға арналған өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдауға бағытталған жоспар әзірледі, сонымен қатар ҚР Энергетика министрлігінде экономиканың энергетикалық саласына арналған машина жасауды дамыту бойынша жұмыс тобы құрылды. Мұның негізгі мақсаты қазақстандық өнімді шығаратын жаңа өндірістерді ашу болып табылады, - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ҚР Энергетика министрі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауынан мынадай үзіндіні келтірді: «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді».

В.Школьник өз сөзін қорытындылап: «Орын алған күрделі жағдайға байланысты экономиканың кейбір салаларында өндірістің тоқтап қалу қаупі бар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сондай жағдайларды мүлдем болдырмау қажет. Экономиканың әр саласындағы және Қазақстан Республикасының әр аймағындағы субъектілер арасындағы өзара кешенді әріптестікті бүгіннен бастап қолға алатын кез келді», - деді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске көрсетіліп отырған қолдау-көмектің жеміссіз еместігін атап көрсетті. Облыста шағын және орта бизнес нысандары көбейіп, онда еңбек ететіндер саны артып келеді. 5,5 мың кәсіпорынның 79-ы - ірі, 566-сы - орта, 4922-сі шағын болып есептеледі. Күні бүгін жұмыс орындарының сақталуы туралы 79 ірі, 528 орта, 1830 шағын кәсіпорындармен келісім жасалды. Бұл жұмыс әкімдіктің бақылауымен одан кейін де жалғасады.

Форум аясында жұмыс орындарын сақтау жөнінде 8 меморандум және ұлттық компаниялар мен жер қойнауы пайдалы қазбаларын пайдаланушылар арасында жергілікті үлесті ұлғайту туралы 47 млрд. теңгеге 20 меморандумға қол қойылды. Мәселен, «ҚПО б.в.» компаниясы жобалау саласында қазақстандық үлесті арттыру жөнінде «Текнинко Инжиниринг Контракторс», «Каспий Инжиниринг» ЖШС-ларымен, сондай-ақ жергілікті үлесті дамыту бағытында облыс кәсіпорындарымен 21 млрд. теңгеге 9 меморандумға келісті. Сонымен қатар әлеуметтік газды жеткізу шығындарын жабу үшін ҚР Энергетика министрлігі, БҚО әкімдігі және «Жайықмұнай» ЖШС арасында 5,3 млрд. теңгеге меморандумға қол қойылды. Оған қоса жер қойнауы пайдалы қазбаларын пайдаланушылар мен отандық өнім өндірушілер арасында 922 млн. теңгеге 4 меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, аталған келісімдер барлық тараптың мүдделерін көздейді. Мәселен, жұмыс беруші кәсіпорынды жұмыспен қамтамасыз етеді, өндіріс көлемі қысқарған жағдайда толық емес жұмыс күнін белгілеп, жұмыс орнын қысқартпау мүмкіндігін қарастыруы керек. Кәсіподақ әлеуметтік талас-тартысқа жол бермей, еңбек және өндіріс тәртібінің, еңбек заңнамасының сақталуын бақылайды. Әкімдік үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, қызметкерлерді кәсіптік оқыту мен қайта даярлауға септессе, кәсіпкерлер палатасы кеңес береді, талас бола қалған жағдайда араағайындыққа барады. Меморандумдарда өндірісті тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқығы мен кепілдігін қамтамасыз ету, қызметінен босатылатындарды әлеуметтік қорғау және қайта жұмысқа орналастыру мәселелері көрініс тапты.

Соңғы жаңалықтар