Оралда жер учаскелерін сату бойынша кезекті аукцион өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда ауыл шаруашылығы мақсатындағы және коммерциялық бағыттағы жер телімдерін жалдау құқығын сату бойынша кезекті аукцион өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінде өткен аукционға 9 жер телімін жалдау құқығы шығарылды. Алайда, олардың біреуі өтініш білдірушінің болмауына байланысты өтпеді. Қалған сегізі сатылды.

Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисимбалиевтің айтуынша, жер телімдері ғимарат құрылысы мен оған қызмет көрсетуге, сондай-ақ жарнамалық нысандар орналастыруға арналған.


Сегіз жер телімі бойынша барлығы 21 азаматтан 52 өтініш түсті. Ағылшындық әдіспен өткен аукцион барысында Орал-Желаев тас жолы бойында 17-құрылыс мекенжайындағы 20 сотық жер телімі (бастапқы құны - 327 600 теңге) 17,5 млн теңгеге сатылды. Сол секілді Зачаган кенті Айтқұлов көшесі бойындағы 25 сотық жер (бастапқы бағасы - 409 500 теңге) 17 млн 150 мың теңгеге өтті.

Бұл - биылғы үшінші, өткен жылдан бергі бесінші аукцион. Осылайша, өткен жылдан бергі аукциондар барысында 35 жер телімін жалдау құқығы сатылып отыр. Мұның алдындағы 27 жер учаскесі бойынша 100 млн астам теңге түсті.


Қазіргі таңда жер алғандардың арасында дүкен салып, пайдасын көре бастағандары бар.

Жерді жалдау құқығын сатып алғандар оны үш жыл ішінде мақсатты пайдаланып, игерсе, кадастрлық құнын қоса төлеп, жекеменшікке аудара алады. Олай болмаған жағдайда жер телімі мемлекетке қайтарылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жер телімдерін жалдау құқығы 28,2 млн теңгеге сатылғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар