Оралда жазасын өтеушілерді ұрып-соққан колония қызметкерлері сотталды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қалалық сотында БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті РУ-170/1 мекемесінің қызметкерлеріне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Судья Мағира Қитарова жария еткен үкімге сәйкес, РУ-170/1 мекемесі режим және күзет бөлімі бастығының орынбасары, 1992 жылғы Сержан Өтегенов, қарау тобының уәкілетті өкілдері: 1993 жылғы Самархан Салтаев, 1994 жылғы Дархан Байториев және бақылаушы, 2000 жылғы Алпамыс Кенжеш ҚР ҚК 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған азаптаулар) айыпты деп танылды.

С. Өтегенов пен С. Салтаев 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде өтеуге сотталды. Сондай-ақ, С. Өтегенов әділет аға лейтенанты, С. Салтаев әділет капитаны шенімен қоштасты. Оларға пробациялық бақылау орнатылады.

Д. Байториев 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Әділет лейтенанты шенінен айырылды.

А. Кенжеш 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Кіші сержант шенінен айырылды.

Сотталушылардың бәрі де үш жылға билік өкілі қызметін атқару құқығынан айырылды.

Сот талқысында мәлім болғанындай, аталмыш мекеменің екінші қабатындағы №20 камерада өткен жылдың 27 ақпанынан 1 наурызына дейін осында жазасын өтеуге келгендер Виталий Уколов, Алексей Кереев, Иван Обровец, Артем Траисов, Роман Ибатуллин, Мағжан Түймалиев, Николай Болдырев, Рубек Сейткереев және Батырхан Абдолла жатқан. 27 ақпан күні сағат 20:00-де бақылаушы А. Төлеев жұмысына кірісіп, түнде В. Уколовтың ұйықтамай жатқанын көріп, дөрекі түрде ескерту жасап, сөзге келген. Басқа жазасын өтеушілер оянып, тыныштықты бұзғаны үшін А. Төлеевке сөйлеген. Содан кейін Төлеев Уколовтың осы қылығы үшін «бүкіл камера азап шегетінін» айтқан.

Төлеев 1 наурыз күні күндіз кезекшілікке келіп, болған оқиғаны сотталушыларға жеткізген. Сол күні Өтегенов, Төлеев және Кенжеш №20 камерадан жазасын өтеушілерді шығарып, сапқа тұрғызып, медициналық-санитарлық бөлімге қарай дәлізбен алып жүрген. Сосын қабырға жанына тұрғызған. Кабинетке жазасын өтеушілерді кезекпен алып келіп, оларды колония қызметкерлері ұрып-соққан. Алдымен В. Уколов таяққа жығылған, содан кейін қалғандарына кезек келген. Колония қызметкерлері арнайы құрал - резеңке таяғын да қолданған.

Сотталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ, олардың кінәсі толықтай дәлелденді.

Сонымен қатар, сот сотталушыларға И. Обровец пен М. Түймалиевке 500 мың теңгеден, А. Траисовқа 1 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді. Ал, В. Уколовтың емдеу шығынын талап етуге құқығы бар.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын аса ірі көлемде пара алған Орал қаласы құрылыс бөлімінің басшысы 11 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар