Оралда жасырын ойынхана әшкереленді

None
None
ОРАЛ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Орал қаласындағы Мұхит көшесі бойында орналасқан «Фаст-Фуд» қоғамдық тамақтандыру орнынан жасырын ойынхананы анықтады.

Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, «Арлан» арнайы бөлімшесі жауынгерлерімен бірлесе жүргізілген операция барысында 15 ойын автоматы, бір америкалық рулетка табылды. Он екі адамның ойнап отырғаны да белгілі болды. Бұлар - негізінен осында тұрақты келетіндер. Он тоғыз жасар оператор-қызды тексеру кезінде жасырылған 405,9 мың теңге табылса, 31 жасар ойыншы ер адамның қалтасынан екі грамм марихуана шықты.

Жасырын ойынхананың иесі - Орал қаласында тұратын 29 жасар жеке кәсіпкер. Айыптылар енді заң алдында жауап беретін болады.

Бұл - жыл басынан бері өңірде орын алған осындай екінші оқиға.

Соңғы жаңалықтар