Оралда жас қыз аспалы көпірден секіріп кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жас қыз жаяу адамдар жүретін аспалы көпірден секіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 5 мамыр күні кешкісін қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы аспалы көпірде болды.

Көпірден секіріп кеткен қызды жедел құтқару жасағы жеткенше, сол маңда катамаранмен жүрген екі жігіт судан алып шығып, құтқарып қалған.

БҚО ТЖ департаменті адам өмірі бәрінен қымбат екендігін, өзен-суларда сақ болу керектігін еске салады.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 19.07-де шақырылды.

Алдын ала мәліметке қарағанда, миы шайқалып, іштен жабық жарақат алды деген күдікпен қыз облыстық көпбейінді аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жеткізілді.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ток соғып көз жұмған 6 жасар қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар