Оралда жаратылыстану-математика пәндерінен республикалық олимпиада мәреге жетті (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден республикалық оқушылар олимпиадасының жабылу рәсімі өтті.

Салтанатты рәсімде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиевтің атап өткеніндей, республикалық білім сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сондай-ақ БҚО әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен білімпаз өрендерді табыстарымен құттықтап, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.

Еліміздің жетекші ЖОО-ларының білікті ғалымдарынан құралған, академик, физика-математика ғылымдарының докторы Мұхтарбай Өтелбаев төрағалық еткен қазылар алқасының шешімі бойынша жүлдегер атанған оқушылар ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Батыс Қазақстан облысынан облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушысы Бауыржан Сайынов химия пәнінен жеңімпаз атанса, 9 батысқазақстандық екінші, тағы тоғызы үшінші орынды иеленді.

БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев белгілеген арнайы бес жүлде де табыс етілді. Атап айтқанда, павлодарлық Мұхамед-Әли Әмір олимпиаданың абсолютті чемпионы атанса, Алматы қаласы - «Олимпиададағы ең үздік команда», О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектеп-интернаты - «Олимпиаданың үздік мектебі», Батыс Қазақстан облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушысы Санжар Латипов - «Олимпиаданың ең жас қатысушысы», Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданындағы мамандандырылған физика мектеп-интернатының мұғалімі Сатыбалды Пақымбеков, Павлодар облысындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің мұғалімі Құлкен Қабылова «Олимпиада шыңына жетелеуші ұстаздар» аталымын еншіледі.

Айта кетейік, олимпиада жүлдегерлеріне жоғары оқу орнына түсер кезде жеңілдіктер жасалады.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада 24-29 наурызда Атырау қаласында өтеді. Оған БҚО-дан 32 оқушы қатысып, бақ сынамақ.

Соңғы жаңалықтар