Оралда жаңа жыл қарсаңында 216 отбасы баспаналы болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында жаңа жыл қарсаңында 216 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаланың солтүстік-шығыс ауданында пайдалануға берілген тоғыз қабатты тұрғын үйдің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, бұдан бірнеше жыл бұрын Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданған болатын.

Соған сәйкес еліміздің өңірлерінде жыл сайын жаңа үйлер бой көтеруде.

«Биылғы жылдың өзіндік қиындықтары болғанымен, жақсы жетістіктер де аз емес. Соның бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлер. Осы жаңа үйден 216 пәтердің 72-сі көпбалалы отбасылардың үлесіне тиіп отыр. Сондай-ақ жетім және мүгедек балалары бар отбасылар, басқа да мемлекет қолдауын қажетсінетін, кезекте тұрған азаматтар жаңа жыл қарсаңында баспанаға қол жеткізді. Пәтерлер жалға берілсе де, қолжетімді, мысалы, екі бөлмелі пәтер үшін айына 8 мың теңгедей төлейді. Сондықтан пәтер иелері бірігіп, өз игілігіне берілген баспанасын таза ұстауы керек», деді өңір басшысы.

Тұрғын үйді уақтылы бітірген «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС атына алғыс айтылды.

Жаңа үйде 144 бір бөлмелі, 72 екі бөлмелі пәтер бар. Пәтерлердің жалпы алаңы – 10320,48 шаршы метр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тоғыз қабатты жаңа үйдің пайдалануға берілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар