Оралда жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияның жаңа ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атап өткеніндей, Ата заңның 30-бабында азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік берілетіні көрсетілген.

Осыған орай өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Мысалы, биыл 33 мектеп күрделі жөнделіп жатса, алты білім ғимараты жаңадан салынуда. 6 мектептің төртеуі мемлекет, екеуі жеке инвесторлардың қаражаты есебінен бой көтеруде.

Үш қабатты, 450 орындық эстетикалық бағыттағы мектеп- гимназияның ғимаратын салуға «ҚПО б.в.» компаниясы 1,7 млрд теңге бөлсе, құрылысты «Наурыз» компаниясы атқарды.

Бұрын мектеп-гимназия ескі балабақша ғимаратында орналасып, 500-ден астам оқушы үш ауысымда білім алған еді. Енді жаңа орында 850 шәкірттің екі ауысымда оқуына толық мүмкіндік жасалған. Соның ішінде 140-тан астамы бірінші сыныпқа қабылданбақшы.


Мектеп директоры Әлия Қайыржанованың сөзіне қарағанда, 1-4 сынып оқушылары білім ғимаратында сабақ оқып, тапсырмаларын орындап, үш мезгіл тамақ ішіп, үйлеріне қайта алады. Мұнда математика, биология және гуманитарлық пәндер тереңдетіліп оқытылады. Биыл жеті қазақ сыныбы ашылған мектепте 77 мұғалім дәріс берсе, соның тең жартысынан астамы – жоғары санатты ұстаздар.

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың мәлім еткеніндей, мектеп «Stem» білім беру жүйесі негізінде жұмыс жасайтын болады. Физика, математика, химия, биология кабинеттері осы заманғы құрал-жабдықтармен қамтылса, шәкірттердің қарым- қабілетін арттыруға мүмкіндік беретін түрлі үйірмелер де бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бастауыш сынып шәкірттері үшін 2500-ден астам кезекші сынып ашылатынын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар