Оралда жаңа көпірде салынып жатқан жиектас талапқа сай келмейді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жаңа көпірде салынып жатқан жиектас талапқа сай келмейді. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев құрылыс нысандарын аралаған кезде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2018 жылы қарашада басталған «Омега» зауыты ауданындағы көпір құрылысы 36 айға есептелген.

Бұл аса маңызды жобаға «КПО б.в.» компаниясы есебінен 5,2 млрд теңге бөлінсе, бас мердігері – «КА-строй ЛТД» ЖШС.

«КА-строй ЛТД» ЖШС өкілінің сөзіне қарағанда, күні бүгін көпір құрылысының 95 пайызы орындалған. Сондықтан оны мерзімінен бұрын, алдағы шілде айында бітіру көзделіп отыр.

Қазіргі кезде жалпы ұзындығы 988 метр болатын көпірде ұсақ түйіршікті асфальт төсеу, карниздік блок орнату, тосқауыл қоршауын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.


Құрылыс барысымен танысқан облыс басшысы тұрғындар өзіне ватсап арқылы қаладағы жиектастардың сапасы нашар екендігін жиі жазатынын айтып, осы көпірде қолданылып жатқан аталмыш құрылыс материалының үлгілерін сынап көруді ұсынды.

Нәтижесінде «Двин-Строй» серіктестігінің 300 дана жиектасының 61-і ғана талапқа сәйкес болып шықты.


«Неге сапалы материалдарды пайдаланбасқа! Әлия Молдағұлова көшесінде осы фирманың жиектастары салынған, ол қазірдің өзінде үгітіліп жатыр. Тек осы көпір ғана емес, қалада салынған барлық жиектасты тексеру керек. Егер талапқа сай келмесе, ауыстыру қажет», деді Ғ.Есқалиев.

Сонымен қатар, облыс басшысы Мәскеу көшесінде кәріз коллекторын жөндеу, И.Коняхин көшесіндегі жолды қайта жаңарту жұмыстарымен де танысып, мердігерлерге, ең бастысы, сапаға мән беруді тапсырды.

Еске сала кетейік, бұдан екі жыл бұрын Оралда Депо көпірінің ашылғанын жазған болатынбыз. Оның да мердігері «КА-строй ЛТД» компаниясы еді.


Соңғы жаңалықтар