Оралда жаңа қар тазалағыш машина іске кірісті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында бүгін Фин елінде шығарылған жаңа роторлы қар тазалағыш «Arctic Machine» техникасы сынақтан өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиевтің айтуынша, биыл 19 арнайы техниканы сатып алу үшін облыстық бюджеттен 307 млн. теңге бөлінген. Соның ішінде аталмыш машинаның құны 41 млн. теңге тұрады. Мұның ерекшелігі, бір өзі бұрынғы төрт қар тазалағышты ауыстыра алады. Бұл жанар-жағар маймен қатар уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Оның жылдамдығы сондай, алғашқы күннің өзінде аталмыш техника бес сағаттың ішінде 1 мың текше метр қарды тиеп үлгерді. Әзірге осы бір техника қыс бойы байқаудан өтіп шығады. Егер бәрі ойдағыдай болса, алдағы уақытта бұл өнімді машинаның қатары көбеймекші.

«Arctic Machine» компаниясының өкілі Станислав Пересветовтің сөзіне қарағанда, аталмыш машина минутына 30 текше метр қарды тиейді. Дербес қар тазалағыштың қуаты 175 аттың күшіне тең дизельді қозғалтқышы бар. Жанар-жағар май толық құйылса, 10-12 сағатқа жетеді. Қар лақтырушы құрылғысы да кез келген бағытқа бұрылып, жұмыс жасай алады. Финляндияда құрастырылған аталмыш техника Ресейдің Мәскеу, Челябі, Новосібір қалаларында қолданылуда. Ал Қазақстанда алғаш рет Оралда сыннан өтпекші. Ол, әсіресе, қар қалың түскен уақытта өте қолайлы.

Қ.Мұхамбетқалиевтің мәлім еткеніндей, өткен жылы қаладан 350 мың текше метр қар шығарылған болатын. Осы қыс та қарлы болады делінуде. Күні бүгін шаһарда қар тазалаумен «Жайық таза қала» ЖШС-ның 108 техникасы айналысуда.

Соңғы жаңалықтар