Оралда зейнеткерлерді алдап кеткен алаяқ әйелдер іздестірілуде

None
None
ОРАЛ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда жасы сексеннен асқан зейнеткерлерді алдап, ақшасын, бағалы бұйымдарын қымқырып кеткен алаяқ әйелдер іздестірілуде.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы Гүлшат Молдағалиеваның ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, соңғы уақытта осындай үш оқиға тіркелген. Алдымен тілін тауып, 81 жастағы әжейдің үйіне кірген жас шамасы 45-50-дегі әйел оның 10,9 мың теңгесі мен алтын сырғаларын алып, табанын жалтыратса, бірнеше күннен кейін 1928 жылғы тағы бір азаматша алданады. Оған жолыққан төрт әйел «Миллениум» сауда орталығында тұрмыстық техника заттарына болатын ұтысқа қатысуын «өтініп», ақыры әжейдің 176 мың теңгесін қағып кетеді. Бұдан кейін сексен екі жасар зейнеткердің сеніміне кірген тағы бір алаяқ оның 8 мың теңге ақшасы мен алтын бұйымдарын алдап алып кеткен. Мұның жалпы құны 200 мың теңгені құрайды.

Қазіргі кезде алаяқ әйелдер іздестірілу үстінде.

Соңғы жаңалықтар