Оралда волонтерлер көп балалы аналарға маска мен антисептиктер таратты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда волонтерлер көп балалы аналарға маска мен антисептиктер таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирустың алдын алу шараларына батысқазақстандық ерікті жастар да белсенді қатысуда.

Орал қалалық жастар ресурстық орталығы жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Дулат Жүсіпқалиевтің айтуынша, «Тұғырым» қоғамдық бірлестігінің мүшелері (басым көпшілігі – көп балалы аналар) бір күннің ішінде 350 медициналық масканы қолдан тігіп, «Орал жастары» волонтерлік қозғалысымен бірге «Шаңырақ» жасөспірім үйінің тұрғындарына үлестірді. «Шаңырақта» негізінен жастайынан жетім өсіп, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар тұрады.

«Мұнда көп балалы отбасылар да тұрады. Солардың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Осылайша халық сын сағатта да бірге екенін көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз», деді «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің коменданты Қарлыға Жармұхамбетова.

Сонымен қатар ерікті жастар қаладағы көп балалы, кірісі аз отбасыларға да маскалар мен антисептикті таратып берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда аптасына 100 мың маска шығару жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар