Оралда велосипед жымқырып, дәніккен ұры қолға түсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда велосипед жымқырып, дәніккен ұры қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 23 жастағы қала тұрғынына қатысты ҚР ҚК 188-бабына (ұрлық) сәйкес барлығы алты эпизод бойынша айып тағылып отыр.

Айталық, 24 наурыз күні 1986 жылғы әйелден үйдің кіреберісінен сағат 19.00 мен 20.00 аралығында «FREESKY» велосипедінің ұрланғаны жөнінде шағым түскен.

Сондай-ақ 25 наурызда тағы екі тұрғын үйдің кіреберісінде қараусыз қалдырған велосипедтерінің қолды болғаны жөнінде жүгінген.

Жедел іздестіру шаралары барысында 23 жастағы тұрғын анықталып, ұсталды.

Айта кеткен жөн, аталған ұры 2019 жылы 25 велосипедті ұрлағаны үшін 4 жылға бас бостандығы шектеліп, 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегілген болатын. Онысынан қорытынды шығармай, биыл тағы 6 велосипедті жымқырғаны белгілі болып отыр.

«Көктем шыға, велосипед ұрлығының көбейетіні белгілі. Сондықтан аз уақытқа болса да, велосипедті құлыптап кеткен дұрыс. Қазіргі кезде велоқұлыпты дүкеннен не базардан сатып алуға болады. Дүкенге немесе кафеге барған жағдайда бейнебақылау камерасы тұрған жерге қойған жөн. Ең бастысы, мүлікті сақтау шараларын қолға алу керек», деді Орал қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрлан Бисенов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 1,2 тонна балықты алып келе жатқан жүргізушінің ұсталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар