Оралда үстел теннисін отырып ойнайтындар арасындағы ел чемпионаты аяқталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында тірек-қимыл қозғалыс аппараты зақымданған спортшылар арасында үстел теннисінен ел чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұханов мәлім еткеніндей, төрт күнге созылған жарыс қорытындысында Атырау облысының командасы бірінші орынға ие болды. Атыраулық үстел теннисі шеберлері 6,5 алтын, 2 күміс, 2 қола медальға ие болды.

Павлодарлықтар 4 алтын, 1 күміс, 3 қоламен екінші орынға көтерілді.

Елордалықтар 3 алтын, 2 күміс жүлдемен үздік үштікті түйіндеді.

Үш алтын алған Жетісу облысы командасы төртінші орынға табан тіреді.

Батысқазақстандықтар үшін бір қуанышты жайт, Гүлмира Батпақұлова тірек-қимыл қозғалыс аппараты зақымданған спортшылар арасында облыс тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды.

«Ел біріншілігі тағдыр талқысына мойымай, үстел теннисінен өнер көрсетіп жүрген спортшылардың шеберлігі өсіп келе жатқандығын көрсетті. Чемпионат қорытындысына сәйкес Қазақстан құрамасы жасақталады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Ә. Нұрмұханов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын омыртқасы зақымданған спортшылар арасында үстел теннисінен ел чемпионаты өтіп жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар