Оралда ұмыт қалған қолөнер түрлері жаңғыртылуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында ерекше шара өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылордалық қолөнер шеберлері Жақсыгүл Жармақанова мен Күлайша Жаңашева табиғат аясында киіз басудан, ши және алаша тоқудан шеберліктерін ортаға салды. Ұршық иіруден бастап, өрмек өрудің қыр-сырын баяндап, жиналғандардың сауалына жауап берді.

Шеберлер жасы 80-ге жақындағанына қарамастан әлі де белсенді. Олар ұлттық өнерді өскелең ұрпаққа үйретуді, баба мұрасын болашаққа жалғауды парызымыз деп біледі. Жайық жеріне де әжелер «Жайлаудағы бір күн» фестиваліне арнайы шақырту бойынша келіпті.

«Түйенің шудасынан иіріп аламыз, мықтылау болады. Қойдың жүнінен көбіне киіз басамыз, түр киіз, тұс киіз дейді, кәдімгі үйдің ішіне төсейтін киіз. Оған да осындай түр саламыз. Бұл енді сәндікке әдемі, әрі жылы болады»,-дейді қолөнер шебері Күлайша Жанашева.

«200-дей шеберлер бар, бағыттары алуан түрлі. Бірақ алаша тоқу, ши тоқу деген бізде ұмыт қалған. Қазіргі уақытта олардың кейбірі біледі, кейбірі бала кезде көрген. Бірақ соны қайта бастау үшін әжелеріміз келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп жатыр. Бұйырса, біздің өңірде де алаша тоқу, ши тоқу өнері қалпына келеді деген ойдамын»,-деді шараны ұйымдастырушы Айболат Құрымбаев.



Соңғы жаңалықтар