Оралда Ұлттық ұландықтар қорытынды сынақтан өтті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оралда ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінің жеке құрамы қысқы оқу-жаттығу кезеңіне қорытынды сынақтан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тексеру барысында жеке құрамның жауынгерлік даярлығының деңгейі, бөлімшелердің келісілгендігі, жауынгерлік әзірлік жағдайы, тәрбие жұмысы, құқықтық тәртіп пен әскери тәртіп, әскерлер қызметі және әскери қызметтің қауіпсіздігі, жеке құрамның жұмысы, қызметке жарамдылығы, қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ қол астындағы қызметкерлерді басқарудың тиімділігі анықталады», – дейді әскери бөлім командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров.

Бірнеше күн бойы әскери қызметшілер жауынгерлік, мемлекеттік-құқықтық, кәсіптік, арнайы, ату және дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтардан өтті. Әрбір әскери қызметші теория жүзінде ғана емес, тәжірибе жүзінде де сыналды.

Қорытынды тексеру дәстүр бойынша саптық тексерістен басталып, онда полктің комиссия мүшелері әскери қызметшілердің сыртқы келбетін, жарғыны білуін, саптық дайындығын және саптық әнді орындауын бағалады.

«Сұңқар» оқу-жаттығу орталығының базасында жеке құрам қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын, оқ ату негіздері мен ережелерін білуін тексеру арқылы атыс даярлығы бойынша нормативтерді орындады.

Атыс дайындығы бойынша жеке құрамнан сынақ алынып, қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптары, ату негіздері мен ережелері бойынша білімдері тексерілді. Атыс шебінде күндіз-түні Калашников автоматынан және Макаров тапаншасынан бақылау және оқу ату жаттығулары жүргізілді. Сонымен бірге, штаб қызметкерлері қару-жарақты, магазин жабдықтарын толық құрастырмау және бөлшектеу нормаларын орындады.

Бөлімнің стадионында жеке құрам дене шынықтыру жаттығуларынан өтті, онда сыналғандар арқанмен тартылып, 100 және 1000 метр қашықтыққа жүгірді.

«Қорытынды тексеру нәтижесі 5517 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің жауынгерлік әзірлігі жоғары деңгейде екенін көрсетті», - делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.


Соңғы жаңалықтар