Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері 103 жастағы майдангерді құттықтады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралдағы 5517-әскери бөлімінің жауынгерлері БҚО әкімдігімен бірге Жеңіс күнімен майдангерлерді құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соғыс ардагерлерінің үйлері алдында әскери оркестр жеке құраммен бірге майдан әндерін орындады.

«Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Берік Омаров бастаған ұлттық ұландықтар майдангерлер Семен Данилин, Жамалетдин Исқақов және тарихшы-ғалым Павел Букаткинге құттықтау хаттарын, ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс етті.

Майдангерлердің ең үлкені Семен Данилин биыл күзде 104 жасқа толады. 1914 жылы 30 қыркүйекте Курск облысында дүниеге келген Семен Акимович Курск иінінен Берлинге дейінгі жолды жүріп өтті. Медальдары өз алдына, «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған майдангер соғыстан кейін Қазақстанда ішкі әскер қатарында қызмет етіп, полковник шенімен доғарысқа шықты.

Сол секілді 1923 жылы Жәнібек ауданында дүниеге келіп, 1941 жылы майданға алынып, Сталинград шайқасына қатысқан Жамалетдин Исқақов та әлі тың.

Соғыс жылдары взвод, рота командирі болып, үш мәрте Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған Павел Букаткин ұзақ жылдан бері М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қызмет етіп, күні бүгінге дейін ғылыми жұмыспен айналысып келеді.

«Біз Ұлы Жеңіске қол жеткізген соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әрдайым қарыздармыз. Жас ұрпақ олардың ерліктерін ешқашан ұмытпайды. Мерекеге орай осылайша құрмет көрсету ізгі дәстүрге айналды. Ұлттық ұландықтар майдангерлерге жыл бойы қолұшын беруге әзір», деді Берік Омаров.

Соңғы жаңалықтар