Оралда Ұлттық ұлан содырлармен ұрыста қаза тапқан боздақтарды еске алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Ұлттық ұланның 5517-әскери бөлімінде Жалпыұлттық аза тұту күніне орай қаралы митингі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, елдегі тәртіпсіздік кезінде Қызылорда мен Талдықорған қалаларында әскери сарбаздар Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов қаза тапқаны белгілі.

Олар Отан алдындағы борышын соңына дейін адал орындап, ерлікпен көз жұмды. Екеуі де қарулы содырлар мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасаған кезде мерт болды.

Қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров Қызылордада қаруластарын әрі қарай итеріп құтқарып, өзі қылмыскерлердің жүк көлігі дөңгелектерінің астына түсті.

Ал Айбат Аманов мародерлермен шайқаста өмірден озды. 20 жастағы Мадияр мен 19 жастағы Айбат барлық әскери құрметпен жерленді.

«Қазақстанда жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бейбіт адамдар, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге Қызылорда қаласындағы 5547-әскери бөлімі және Талдықорғандағы 5514-әскери бөлімінің әскери қызметшілері, қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов ерлікпен қаза тапты. Жүздеген адам түрлі

дәрежеде жарақат алды. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы және өз атымнан көз жұмған сарбаздар мен полиция қызмткерлерінің тума-туыстарына, достарына қайғырып көңіл айтамын. Қиын-қыстау кезеңде Ұлттық ұландықтар Қазақстан халқына және әскери антқа адал екендіктерін дәлелдеді. Біз олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз», деді «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 10 адамның әкімшілік қамауға алынғанын, Оралда төтенше жағдай талабын бұзған тұрғындар ұсталғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар