Оралда туризмді дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Менің Отаным - Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициялық жасақтары алтыншы республикалық слеті өткізілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен аймақтық кезеңдерде үздік шыққан командалар құрамында 128 оқушы қатысты. Олар экскурсиялық бағдарлаудан «Орал - туристік өлке» атты республика чемпионаты мен шыңға өрмелеу жарыстарында бақ сынады. Сонымен қатар, слет аясында туристік-өлкетану бағытында балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдары басшылары республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы болып, онда өзекті мәселелер талқыға салынды. Жиынға Мәжіліс депутаттары Елена Тарасенко, Шавхат Өтемісов, ҚР Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму министрліктерінің, облыстық және Астана, Алматы қалалары білім басқармаларының, халықаралық ұйымдардың өкілдері, жас туристер орталықтары мен стансаларының басшылары қатысты. Басқосуда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, қазіргі заманғы талаптарға сәйкес туристік-өлкетану қызметін одан әрі дамытуда тың міндеттер тұр. Экономика негіздері, саяси бағдар, әлеуметтік жағдай өзгергенімен, адамгершілік қағидалары, Отанға, туған өлкеге деген сүйіспеншілік ешқашан бұлжымақ емес. Бұл ретте ата-бабадан келе жатқан ұрпақ сабақтастығы ерекше маңызды. Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы осыларға негізделеді. Көп ұлтты Қазақстанның болашағы оның бірлігінде. Қазіргі таңда өңірдегі балалар-жасөспірімдер туризмі мекемелеріне атқарушы билік органдары тарапынан қолдау көрсетілуде. Таяуда БҚО әкімдігі мен облыс туристік ұйымдары консорциумы арасында қол қойылған меморандум осындай мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарта түсіп, қаржылық, әдістемелік және кадрлық жағынан тұрақты түрде нығаюын көздейді. Бұл салаға салынған қаржы жас ұрпақтың бүгінгі және болашақтағы белсенді қызметімен ақталады. ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шердің айтуынша, туристік-өлкетану қызметінің дамуы жөнінен Батыс Қазақстан облысы алдыңғы қатарда келеді. Айталық, Қазақстанда балаларға патриоттық тәрбие берумен айналысатын 35 туризм стансасы мен орталығы болса, соның 14-і Батыс Қазақстанда. Халықаралық бал0алар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының президенті Дмитрий Смирнов Батыс Қазақстанда балалар туризмінің ұзақ уақыт бойы жақсы дамып келе жатқанын, осыған орай мұнда халықаралық деңгейдегі тәжірибе алаңын құруға болатындығын жеткізді. Жиында ішкі туризмді дамыту да назардан тыс қалған жоқ. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі туризм департаментінің директоры Тимур Дүйсенғалиевтің мәлім еткеніндей, визаны реттеудің күрделілігі, жолдың нашарлығы, баға мәселесі Қазақстандағы демалыс орындарының шетелдегіден қымбат болуына әсер етуде. Ең бастысы, ішкі туризмнің мүмкіндіктері толық пайдаланылмауда. Мәжіліс соңында қорытынды ұсынбалар қабылданып, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко жетекшілік ететін ҚР спорттық туризм және туристік көпсайыс федерациясы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы (директоры Р.Шер) арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл, олардың айтуынша, елдегі балалар-жасөспірімдер туризмінің дамуына тың серпін бермек.

Соңғы жаңалықтар