Оралда тұрғын үйдің ауласынан есірткі зертханасы табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тұрғын үйдің ауласынан есірткі зертханасы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2022» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде анықтағанындай, Орал қаласының 1971 жылғы тұрғыны қарасора өсіретін жылыжайды ұйымдастырған.

Басқарма бастығының міндетін уақытша атқарушы, полиция подполковнигі Әнуар Халеловтің айтуынша, аталған тұрғын тыйым салынған өсімдіктерді өсіру үшін үйінің ауласына арнайы жабдықтар орнатып, тыңайтқыштар сатып алған.

«Үйдің ауласынан жасырын қоршалған бөлме табылды, оның ішінде қарасора тәрізді өсімдіктері бар бес пластикалық контейнер болды. Сондай-ақ гаражда есірткі зертханасы ретінде жабдықталған жасырын жертөле анықталды. Қабырғалары арнайы материалмен қапталған, өсімдіктерді өсіруге арналған жарық шашқыш және жылу шамдарымен жабдықталған, сору жүйелері, градустық құрылғылары бар ауа ылғалдандырғыш орнатылған. Тінту кезінде қарасора тәрізді өсімдік бұталары, белгілі бір иісі бар жасыл өсімдік тектес зат, қарасора тұқымын орау, электрондық таразы, өсімдіктерді өсіруге арналған түрлі тыңайтқыш тәркіленді. Тиісті сараптама тағайындалды, - деді Ә.Халелов.

Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 300-бабы 1-бөлігіне (құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.



Фото: polisia.kz





Соңғы жаңалықтар