16:31, 18 Қараша 2020 | GMT +6
Оралда тұрғын үй, гараж бен автокөлік өртеніп кетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда автокөлік, гаражға қоса тұрғын үй өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 11.23-те Лермонтов көшесі, 42 мекенжайында болды.
Алдымен, үйдің жанындағы гаражда тұрған «ВАЗ-2114» автокөлігі жанған. Одан гараж, сосын үй отқа оранды.
Жалын шарпыған аумақ 100 шаршы метрді құрады.
Өрт сөндірушілердің күшімен 6 оттегі баллоны сыртқа шығарылды. «Тілсіз жау» сағат 12.17-де оқшауланып, 12.50-де ауыздықталды. Өртті сөндіруге 28 қызметкер, 7 техника жұмылдырылды.
Зардап шеккендер жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғын үй өртеніп, бір адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.