Оралда триатлоннан ел чемпиондары анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында тұңғыш рет триатлоннан республикалық жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Қостанай және Жамбыл облыстарынан барлығы 22 кәсіби атлет қатысты.

Триатлоншылар Қазақстан кубогының үшінші кезеңі аясында Elite санаты бойынша суперспринт қашықтығынан (300 метр жүзу, 8 км веложарыс және 2 шақырымға жүгіру) сынға түсті. Ал ел чемпионатында атлеттер U17, U19 және U23 санаттары бойынша суперспринт, сондай-ақ спринттен (750 метрге жүзу, 20 км веложарыс, 5 км жүгіру) жарысты.

Күннің ыстық болуына байланысты (Шаған өзеніндегі температура +20 градус), атлеттер жарыс жолына гидрокостюмсіз шықты.


Қазақстан чемпионатында U17 санатында спринттен 1 сағат 03 минут 32 секунд нәтижемен алматылық Александр Тен жеңімпаз атанса, тағы бір алматылық Елдар Шекербек (1 сағат 06 минут) - екінші, қостанайлық Артем Франк (1 сағат 12 минут 47 секунд) үшінші келді.

U19 санатында супер-спринттен шымкенттік Әлихан Әбусейіт (25 минут 38 секунд) озды. Үздік үштікке сондай-ақ түркістандық Ерасыл Аманжолов (26 минут), алматылық Роман Санаров (27 минут 04 секунд) ілікті.

U23 санатында суперспринттен елордалық Дарын Қонысбаев (24 минут 07 секунд) - бірінші, жамбылдық Виталий Дидяев (30 минут 18 секунд) екінші орынға ие болды.


Ел кубогының үшінші кезеңінде Elite санаты бойынша әйелдер арасында суперспринттен астаналық Арина Шульгина (28 минут), алматылықтар Юлия Озерова (29 минут 24 секунд) мен Әйгерім Нұрғали (31 минут 11 секунд) сәйкесінше алғашқы үш орынды жеңіп алды.

Ерлер арасында суперспринттен шымкенттік Семен Пивоваров (23 минут 57 секунд) ешкімді шақ келтірмесе, тағы бір шымкенттік Даниил Зубцов (24 минут 50 секунд) - екінші, алматылық Әнуар Тұрыбаев (24 минут 51 секунд) үшінші орынға көтерілді.

Жексенбі күні жарыс жолына әуесқой атлеттер шығады.

Қазақстан триатлон федерациясының спорттық директоры Сергей Майердің сөзіне қарағанда, триатлонның елімізде таралғанына көп бола қойған жоқ. Федерация 2016 жылы құрылды. Содан бері қазақстандық атлеттер халықаралық жарыстарда да олжа салып келеді. Осы жарыс қорытындысында спортшылар рейтингілік ұпай жинап, ел құрамасы іріктеледі.


Соңғы жаңалықтар