Оралда ток соғып, екі қолынан айырылған баланың ата-анасына пәтер берілді

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы Зачаган кентінде 180 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш тұрғын үйді «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ тапсырысына сәйкес «Алтим» ЖШС құрылыс компаниясы салып бітірді.

Жалпы ауданы 10 583,5 шаршы метр болатын үйдің 72 пәтері бір, 72-сі екі және 36-сы үш бөлмелік.

Пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған «Отбасы банк» салымшыларына берілді.

Жаңа пәтер иелерін Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Көлбаев құттықтап, кілттерін табыс етті.

БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, «Жайықмұнай» компаниясының қолдауымен осы жаңа үйден облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атынан Жаңақала ауданында ток соғып, екі қолынан айырылған Аманжол Орынбекұлының ата-анасына үш бөлмелі пәтер берілді.

Баланың анасы Әсел Серікқызы таңдаған пәтер әлеуметтік нысандарға (мектеп, аурухана) жақын орналасқан. Сонымен қатар Жаңақала ауданы әкімдігі атынан демеушілер атынан Аманжолдың бөлмесіне жиһаз тарту етілді.

Оған қоса жуырда Алматы қаласында Аманжолдың қолына уақытша протез орнатылды. Бала жасанды қолға үйренгеннен кейін бір жылдан соң бионикалық протез қойылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ток соққан екі баланың ауруханаға түскенін, БҚО әкімінің ток соққан балаға тиісі көмек көрсетілетіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да ток соғып, екі қолынан айырылған бала оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Соңғы жаңалықтар